ШАРУАНЫ ҰШТАСТЫРҒАН — НАУШАГҮЛ
Көпке көмегі тиіп, өз кәсібін бастауға негіз болған «Ауыл аманаты» бағдарламасының жемісін көріп отырғандардың бірі — Наушагүл Шынтасова. Ол Шәмші ауылының тұрғыны. Осы орайда кейіпкеріміздің кәсібінің мән-жайын білмекке өзімен әңгімелескен едік.
-Наушагүл Ерекбайқызы, сіз өткен 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 9 миллион теңге қаржы алып, үш бірдей бағытта кәсіп ашқан екенсіз. Кәсібіңіз қиындық туғызбайма?
-Сауалыңыз орынды. Қиындықсыз ештеңе өздігінен келмейтінін ескерсек, отбасымызбен баршамыз еңбек етеміз. Нақтырақ айтар болсам, жолдасым екеуміз де қызметтеміз. Өзіңіз білесіз, біздің атамыз өңірімізге белгілі ауыл шаруашылығы саласының кәнігі маманы. Біздің де еңбекқор болуымыз содан да болар.
-Олай болса, бастаған кәсіптеріңіз жайында тоқталып өтсеңіз?
— Мен өзім мектепте бастауыш сынып мұғалімімін. Жолдасым Марат «Алин Груп» ЖШС-де дәнекерлеуші болып қызмет жасайды. Кәсіпке көбіне бізге көмекші балаларымыз. Үлкен ұлым төтенше жағдайлар бөлімінде жұмыста. Қолы босағанда қол көмегін береді. Ал үлкен қызым Ақтау қаласында тұрмыста, екі қызы бар. Мамандығы филиолог. Алыста жүрсе де әрқашан тілекші. Менің тігіншілікпен айналысуымның бірден бір себепкері осы қызым. Қызым тұрмысқа шығып, оның жасауын дайындау үшін арнайы мастер класқа қатыстым. Нәтижесінде білім алып, кейін өзімнің қызығушылығым артып, одан әрі жеке кәсіп ретінде жалғап
кеттім. Тігіншілікті бастапқыда 1 ғана іс машинасымен бастаған едім, қазір 4 тігін машинасымен атқарамын.
-Тігіншіліктің қандай түрлерімен айналысасыз?
-Көбіне ауылдастарымның тапсырысымен қыз жасауын жасаймын. Іс тігу «инемен құдық қазғандай». Әрбір істің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Тігін өнері адамды шыдамдылыққа, икемділікке, жауапкершілік
пен тиянақтылыққа үйретеді. Бұл – көз майын тауысып істейтін шығармашылық еңбек. Тігіншілікті кәсіп ретінде қолға алғанымда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға бел будық. Нәтижесінде, бағдарламаға қол жеткізіп, өзіміздің қолымыздан келетін істі одан әрі дамытуға жұмыстандық. Қазіргі кезде ешкімнен кем емеспіз.
—Тігіншілікпен қатар айналысатын өзге де кәсіптеріңізге тоқталып өтсеңіз?
-Тігіншілікпен қатар мал, құс шаруашылығымен айналысамыз. Үй жануарларын баптап, олардан түрлі өнімдер жасауды анамыз жастаймыздан үйреткен еді. Бұл біздің өмірімізге үлкен сабақ болып, бүгінде осы бағытта кәсіп бастап отырмыз. «АқАру» атты отбасылық шаруа қожалығымызда 150 қаз, 60-70 тауық, 7 сиырымыз бар.
Құстың етін, жұмыртқасымен қатар қаздың мамығына дейін кәдеге жаратып, өнімдерін өткізіп, құс басын көбейтіп отырмыз. Сиырдан
алынған өнімдерді саттыққа шығарып, қаржысын айналымға саламыз. Осындай жұмысқа балаларымыз көмектеседі. Бұл бір жағынан
балаларға жақсы, ертең өздері де еңбекке бейім болып
өседі. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегі зор. Жоба аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қазір отбасылық
кәсібімізді дөңгелетіп жүрген жайымыз бар.
-Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасының маңызы неде деп ойлайсыз?
— Ауылды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. Бұл жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Әңгіме қалталы боп кетуде емес, ауылда да ауқатты өмір сүруге болатындығын жастарға ұғындыру. Сол себепті де «Ауыл аманаты» жобасын әр ауылдық қолдаса жақсы болар еді. Жалпы алғанда ауылдықтарға жобаның берері
мол, мақсаты айқын, тек ерінбей әрекет ету керек.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі