Наурыз — елдің тойы
Наурыз мейрамы күні аудандық Мәдениет үйінің алаңында сәнді киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Бұл күні бадамшалықтар ұлттық нақыштағы әдемі киімдерін киіп, жасанып көшеге шығып, алаңда ұйымдастырылған мерекелік шараны тамашалады.
Наурыз-думан жарапазаншылардың шеруімен басталды. Алаңдағы сахнада аудан өнерпаздары «Наурыз — береке бастауы» қойылымын қойса, «Кербез» үлгілі би ансамблінің бишілері «Торсық» биін биледі.
Ал «Ұлысты ұйыстырған Наурыз мейрамы» атты мерекелік іс-шараныашқан аудан әкімі Асқар Жүсібалиев аудан тұрғындарын құттықтап, келіп жеткен Қоян жылының құтты, жайлы болуын тіледі.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз — жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс-берекенің арқауы, тек адамзаттың ғана емес, табиғаттың да жаңарып, бой түзейтін шағы. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, төрт түлік төлдеп, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз елімізде зор ықыласпен тойланады.
Тарихты парақтасақ, Наурыз қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, кеңес үкіметі бұл мерекені «діни мейрам» деп танып, 1926 жылы ресми түрде тойлауға үзілді-кесілді тыйым салды. Көктемнің шуақты мейрамы салт-дәстүрді берік ұстанған қазақ отбасыларында ғана жасырын түрде аталып өтті. Осылайша қазақ жерінде 62 жыл бойы ұмыт болған Наурыз мейрамы 1988 жылы қайта жаңғырды.
Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараның көрігін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарының концерті қыздырды. Олар наурыз-думанды әнмен әрлеп, күймен көркемдеп, бимен безендірді.
Бадамшалықтар мен аудан қонақтары бұл күні мерекеге орай ұйымдастырылған аудандық музейдің жәдігерлері мен ұлттыққолөнер бұйымдары көрмесін тамашалады. Аудандағы кітапхана қызметкерлері де тақырыпқа орай көрме өткізді.
Алаңның бір шетінде алтыбақан теуіп, әзілі жарасқан қыз-жігіттердің күлкісі алыстан естіліп жатты. Аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі спорттық және ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді. Боз кілем үстінде 60,70,80,80+ салмақ дәрежелерінде қазақша күрес бойынша бақтарын сынаған жұптардың жеңімпаздары марапатталды. Тұрғындардың кейбірі қол күрестен мықтылығын көрсетсе, енді бірі гір көтеруден алдына жан салмады. Тағы бірі көлік сүйреп жұртты таң қалдырды. Екі жаққа бөлінгендер арасындағы арқан тартыс та қызықты өтті.
Мәдени-көпшілік серуенге жасанып шыққандар алаңдағы қазан-қазан асылған наурызкөжеден дәм татып, палау жеп, бауырсақтан ауыз тиді. Ауылдың ақсақалдары «Ақ мол болсын!», «Молшылық болсын!», «Елде тыныштық болсын!» деген тілектерін жаудырып, бата берді. Бұл күні Бадамшадағы алаңда қоғамдық тамақтану орындары көптеп ұйымдастырылды. Тек қана аудан орталығындағы ғана емес, ауылдарда да жәрмеңкелер, мерекелік концерттер, спорттық ойындар сән-салтанатымен өткізілді.
Бақыт Имашев.