НАУҚАННАН КҮТЕРІМІЗ МОЛ
Ауданымыздағы мал шаруашылығын дамытуда шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны қызу басталды. Расында, айта кететін жайт бізде мал мен егін шаруашылығы кеңінен дамыған. Сондықтан да, шаруалар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану өте маңызды. Биылғы жылы да өңір шаруалары қыстың қамына ерте қамданып, ауа райының қолайлы уақытын пайдаланып, шөп жинау науқанына жедел кірісіп кетті.
Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Тәженовтің мәліметіне сүйенсек, ауданымыз көктемгі дала жұмыстарын толығымен ойдағыдай аяқтап, қазір мал азығын дайындау жұмыстарын қолға алуда.
— Биыл пайдалануға берілген 500 мың гектар жердің 363 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатына бөлінген. Нақтырақ айтар болсақ, оның 167 мың гектары егістік, 190 мың гектары жайылым, 4 мың гектарға жуығы шабындық. Сонымен қатар, көктемгі дала жұмыстары кезінде 151 мың гектарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Яғни 116,6 мың гектарға дәнді дақылдар, 12,2 мың гектарға майлы дақылдар, 21,1 мың гектарға мал азығы, 1657 гектар алқапқа көкөніс тұқымдары егілді. Аудан бойынша бір жарым жылға мал азығын жинау жоспары бекітіліп, біз ірі және ұсақ малға, жылқы мен түйеге 108,3 мың тонна жем-шөп жинауды жоспарлап отырмыз,-дейді бөлім басшысы.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда 50-ден астам ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары мал азығын дайындауда. Олар орта есеппен әр гектардан 10-15 центнерден шөп жинауда.
Тілек БЕГАЙДАРОВ