МАЛ АЗЫҒЫ — МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ
Қазіргі таңда мал азығын дайындау күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, мал азығы ертеңгі ел азығы екені баршаға мәлім.
Қазақта «Қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтылмаған. Бұл нақыл сөз қыс мезгіліне дайындықты ерте бастан жасау қажеттігі жайында айтылса керек. Адамның, малдың жағдайын, ішіп-жемін ерте бастан қамданып алу ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Сондықтан да, алдағы қысқа дайындықтың ең маңыздысы — мал азығын әзірлеу. Осы орайда біз де ауданымыздағы шөп шабу науқанының дайындығын пысықтаған едік.
Бүгінгі күні шаруашылық құрылымдары көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай аяқтап, шалғы мен қол орақтарын әзірлеп, шөп шабу науқанына кірісе бастады. Айта кету керек, көктемгі жауын-шашынды ауа-райы шаруаларға кедергі келтіргенімен, шілде айы аптап ыстық күндерімен басталып, олар жұмыстарына қызу кірісіп кетті.
Қазіргі уақытта ауданда тіркелген төрт түлікке жем-шөп дайындау бойынша қажетті 108,3 мың тонна есептелді. Бұл бір жарым жылдық мал азығының көлемі.
— Шөп шабу жұмыстарын алғашқылардың бірі болып “Степной” және “Велихов” ЖШС-і бастады. Бүгінде ауданның барлық мал ұстайтын шаруашылықтары өздеріне қажетті мал азығын дайындауға белсене кірісті. Сондай-ақ, бұл шаруаға ауылдық округ әкімдері де қарап қалмай, тұрғындар қолдарында бар мал бастарын шөппен қамту мәселесі бойынша, шаруашылық құрылымдары басшыларымен шөп бағасын келісуде. Және де төтенше жағдайдың да алдын алу мақсатында, жауапты орган қызметкерлері дала өрттерін тудыратын мәселелерге арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауыл шаруашылығы техникаларын техникалық байқаудан өткізуде. Мемлекет тарапынан мал азығын дайындау науқанына арзандатылған бағамен қажетті дизель отынына өтініштер қабылдауды да бастады,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысы Нұржан Таженов.
«Шөбі көптің малы тоқ» демекші, биыл жауын-шашынның болуына байланысты шабындықтардың өсуі тәуір, шөптің шығымы жақсы. Сондықтан да, шаруалар қыстан қысылмай шығу үшін мал азығы жеткілікті дейгейде болатынына сенеміз. Егіс алқаптарында егілген мал азығының түрлері көп жылдық еркек шөп, бір жылдық судан шөбі және де қалғандары табиғи шөптер.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығындағы бар жұмыстардың негізін осы жеткілікті түрде мал азығын дайындау ісі құрайды десек артық айтпаған болар едік. Өйткені, тіршілігі малмен байланысты қазақтың бұл өмір дағдысы деуге де негіз бар. Сондықтан барлық ынта-жігер де, күш те осы мақсатқа жұмылдырылса ғана нәтиже оңды болмақшы
Олай болса, қазір ауданда мал азығының сенімді қорын жасау жолында қызу еңбек жүріп жатыр. Сондай-ақ, көктем мен жаз айларында ылғалдың көптеп түсуіне байланысты, шабындық алқаптарындағы шөптің шығымдылығы гектарынан орташа есеппен 10-15 центнерден жинау күтілуде.
Ендеше, қарқынды жұмыстың нәтижесінде мал күйлі, шаруаның ісі оңды болатынына сенеміз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА