Шабындыққа шалғы түсті

Бүгінде аудан аумағындағы шаруалар шөп шабу кезеңін бастап кетіп, ауыл адамдарының әр күні науқанды. Күні кеше үмітпен дән сепкен шаруалар шабындыққа қызу  кірісті.

Біз де шабындық барысын білмекке  ауыл-ауылмен хабарласқан болатынбыз. Шындығында күні-түні жұмыс барысында жүрген адамның бізбен әңгіме құрып отыратын  уақыты да болмай жатады.

Солай десекте, Степной ауылдық округінің әкімі Гүлмайра Нұреділова  ең алғашқылардың бірі болып сауалдарымызға жауап қатып, тілегімізге қолдау білдіргені үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Сондай-ақ, Степной ауылдық округінің тұрғыны «Богдан» шаруа қожалығының иесі Константин Горбаньға да ұжым атынан алғыс айтып, биылғы шабындықты бастағанын хабардар етпекпіз.

Шаруа қожалығы 2019 жылдан бері жылқы өсірумен қатар шөп шабумен де айналысып келеді. Сонымен қатар, өздерінен артылған шөпті сатылымға да шығарып келеді. Биылғы жылғы шабындықты 4 адам және де 3 техникамен қолға алуда. Шама келсе, өнім де жаман емес дейді.

Негізінде Степной ауылдық округінде шөп шабумен 2 ЖШС-гі мен 8 шаруа қожалығы айналысады. Биыл маусым айы жауынды болып, қол байлау болды. Шабындықтың  қызу қарқын алған кезі шілдеден басталды десек, бір жылдық шөптің түсімі әр гектарына  5,6 центнерден келіп жатыр. Біз де қызу науқанның бастамасын бастадық.

Олай болса, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білетін» шаруалар, бұл істе ауызбіршілік танытып, қарқынды түрде іске кіріссе, науқан берекелі боларына сенім мол.

Бақыт ИМАШЕВ