ШӘМШІ АУЫЛЫНЫҢ ШАТТЫҒЫ

Шәмшіліктерге арман болып, жеке дара ауыл атанған күндері ересектерге естелік, жастарға мұра болардай тарих парағында жазылып қалар күн болды.

Бұл ауыл 1907 жылдан бері Александровка деп аталып келген. Тарихи деректерге сүйенсек, Ақтөбе өңіріндегі бірқатар ауылдарға Украиндардың 1903 жылғы тарихи дүрбелеңімен біздің жаққа қоныс аударғандардың бірінің  атымен аталған деседі. Бұл күнде ұрпақтары жергілікті тұрғындармен ағайындай араласып, құда-жекжат болып, бір ниетте өсіп-өніп келеді. Александровка, Петропавл ауылдары еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Ақтөбе облысына қарасты ауданға, кейіннен аталмыш екі ауыл Желтау ауылдық округін еншіленіп, Қарғалы ауданына қосылған ірі мекенді ел болды.  Александровка ауылында кезінде КСРО ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының батыры Виктор Иванович Пацаев атындағы ірі кеңшар күні кешеге дейін жұмыс жасап, ауылдың өркендеуіне септігін тигізгенін ел біледі. Ауыл мектебі де осы ғарышкердің атымен аталып, ұзақ жылдар бойы ауыл балаларын біліммен сусындатып келе жатқан аудандағы іргелі білім ордасы.

2007 жылғы аудандық мәслихаттың ұсынысымен облыстық мәслихат  бұрынғы атауын өзгертіп, қазақтың ұлы сазгері Шәмші Қалдаяқов ауылы болып аталсын деген шешімнің шапағаты тиген ауыл.

Биылғы қоян жылы да сан түрлі тарихи оқиғалар легімен қатар келіп, аталмыш ауыл Желтау ауылдық округінен бөлініп, енші алған Шәмші ауылы 2024 жылдың 24 ақпан айында өз алдына жеке дара ауыл болып бөлініп  шығып, жаңа әкім сайланып,  ауылдықтар өз тірліктеріне бет бұрды.

Біз де Шәмші ауылына сайланған тұңғыш әкім Самат Ізтілеуовпен хабарласып, ел тізгінін алғанына бір ай толған тұста әңгімелескен едік.

-Самат Советұлы, сіз осы өңірдің азаматысыз, білім саласында еңбек еттіңіз, ауыл халқы сізді жақсы біледі. Сондықтан да, өзіңіздің ауыл басқарудағы бастамаңызбен бөліссеңіз?

-Әрине, әкім болып, ел басқару оңай шаруа емес. Десе де, тәуекел етіп, сайлауға түскенім де сол ел-аймақты білгенімнің әсері болар. Ең алдымен ауылымыздың дараланып, жеке өз алдына ел болып қалыптасып жатқанына қуаныштымыз. Ауылымыздың өркендеуі жолында қолымнан келер жұмысты атқарамын. Өлкеміздің өркендеуіне берекелі тіршілік тілеймін. Қызметті бастағаныма аз уақыт болса да, жүзеге асырар істер көп. Сондықтан да, бәрі өз жоспарымен жүзеге асатынына сенемін.

-Шәмші ауылы болып қалыптасуына үлес қосқандар?

-Бұл ауылдың Шәмші аталуы жерлестеріне  демеуші болып, ақыл кеңес бере жүре ауылдың дамуына үлес қосқан Марс Шынтасов ағамыздың еңбегі зор. Әрі осы ауылда өсіп-өнген «Шәмші» қорының жетекшісі, ауыл азаматы  Қайырғали Арыстанғалиевтың да сіңірген еңбегі орасан. Ауылдағы мешітті тұрғызуға еңбек етіп, көптеген қайырымды істердің басы-қасында жүретін мейірімді жан. Басқа да ауыз толтырып айтатындай ауылжанды азаматтар баршылық. Сондай-ақ, ауылдағы саябаққа сазгер Шәмшінің ескерткішін орнатып, жылда Шәмшінің туған күнінде ән әуеніне бөлейтін іс-шараға  ауылдықтар бір кісідей ат салысып келеді. Осындай бірлігі жарасқан көп ұлтты ауыл халқымен бірлесе жұмыс жасау  мен үшін бақыт. Біз болып  біріксек, алынбайтын қамал жоқ.

-Шәмші ауылының жалпы құрылымына тоқталып өтсеңіз?

-Ал енді ауылымыздың бүгінгі құрлымына келетін болсақ, жер көлемі 36957 гектар алқапты алып жатыр. Халық саны 1510 адамды құрайды. Ауылда ірі «Актеп» ЖШС-і, 16 кәсіпкер,  6 дүкен бар. Биылғы есеп бойынша ауылда  283 бала білім алуда. Ауылішілік 14 көше болса, соның 3-уі түнгі жарық шамдарымен қамтылып, жолдары тегістелген. Ауыл газ, су, интернет желісімен қамтылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасына ауылымыздан 4 адам қатысып, өздерінің шаруаларын дөңгелетіп жүр. Жастарымызға ақыл айтып, жөн сілтер ауылдық ақсақалдар кеңесіне Аминулла Ахметов ағамыз жетекшілік етеді. Кеңес құрамында ауылға сыйлы  Еласқан Елеусізов, Наукен Сағынтаев, Бисен Жолтаев сынды ел ағалары бар.

Самат Советұлы, ауыл жайын білдік. Енді ауыл басқару міндетін алған соң, бағдарлама бағытыңыз да болар. Сол жайында не айтасыз?

-Жоспарсыз жұмыс бос тірлік қой. Ел сенген сенімді ақтау біздің міндет. Ол үшін алға бағыт-бағдар қою керек. Осы орайда келесі межелі ауыл әкімінің сайлауына дейін тындырымды жұмыс атқару  жоспарымда бар. Алдымен ауыл көшелерін асфальттап, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу. Ауылды ауыз сумен толық қамти отырып, орта, шағын бизнестің дамуына ықпал ету.  Спорттық кешенге тапсырыс беріп, игілігін тұрғындармен бірге көрсек дегенде ой бар. Әрине, сол ойларды жүзеге асыруға жұмыстанатын боламын. Әлеуметтік мәселелердің шешім табуы қаржыға келіп тіреледі. Тұрғындар мұқтажы мен ауылымыздың өркендеуі жолындағы мәселелердің дер кезінде жетуіне мұрындық боламын. Ең бастысы ауыл жастарын мемлекеттік бағдарламаларға көбірек жұмылдырып, ауылды одан әрі дамыту басты міндетім. Қазіргі таңда ауылдықтарды «Таза Қазақстан» акциясына көбірек  тартып, тұрып жатырған жеріміздің табиғатына қолдау білдіруге бірлесе әрекет етудеміз. Барлығы бірден жүзеге аса кетпейтіні мәлім. Сондықтан да, бәрі уақыт еншісінде. Атқарылар жұмыс та баршылық. Ендеше, барды салып, бірлікте ауызбіршілікпен тірлік етуіміз керек.

 Әңгімелескен  Бақыт ИМАШЕВ