ОҚУ ЖЫЛЫ ОЙДАҒЫДАЙ АЯҚТАЛДЫ

  Тағы бір оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шықты.  Білім беру процесінің ең жауапты сәті аяқталғанымен, алдағы сынақтар мен демалыс уақыты жауапты кезеңдердің бірі болып саналады. Оқу жылының тәмамдалуы, емтихандардың өткізілуі, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мен қауіпсіздік шаралары сынды мәселелерді білу мақсатында  аудандық  білім бөлімінің басшысы Жанат Дуйсеновамен тілдескен едік.

         -2023-2024 оқу жылының аяқталуы мен мектеп бітіруші түлектерге тоқталып өтсеңіз?

— 2023-2024 жылғы оқу жылын ойдағыдай тәмамдап отырмыз.  Оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы Оқу-ағарту министрінің бұйрығы қабылданды. Мектептердегі оқу жылы 25 мамырда аяқталды. 23 мамыр – биылғы оқу жылындағы соңғы оқу күні болды.  Ал 24 мамыр күні барлық мектептердегі 1-10-сынып оқушыларына «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Сынып сағатының мақсаты — балалардың жыл бойғы алған білімдерін қорытындылай білуге тәрбиелеу. Сондай-ақ, 25 мамыр күні мектеп қабырғасында мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара өтті. Биыл 12 білім беру ордасын 2391 бала аяқтады. Оның ішінде 9 сыныпты 223 оқушы аяқтап отыр. Олар алдағы уақытта 10 сыныпты жалғастыру немесе колледжге  оқуға түсу туралы шешім қабылдайтын болады. Ал 11 сыныпты 120 түлек бітірді.

-Ауданымызда «Үздік аттестат» пен «Алтын белгіге» үміткерлер саны қанша?

— Биылғы оқу жылы бойынша  9 сыныпты бітірушілер қатарынан 24 оқушы, ал 11 сыныптардан 7 түлек «Үздік аттестатқа», 6 түлек «Алтын белгіге» үміткер.

-Емтиханды қандай сыныптар қай кезде тапсырады?

— Бастауыш сынып оқушылары  дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Биыл 27, 30 мамырда алғашқы рет 5-8, 10 сыныптардың оқушысы қазақ тілінен аралық емтихан тапсырады. 29 мамыр — 10 маусым аралығында 9 сыныптар 4 пәннен, 28 мамыр — 11 маусым аралығында  11 сыныптар 5 пәннен қорытынды аттестаттаудан (мемлекеттік емтихандар) өтеді.

 -Аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі қай кезде өткізіледі?

Аттестаттарды салтанатты түрде табыстау ағымдағы жылдың 12-15 маусым күндері  өтеді.

 -Жазғы мектептің маңызы неде және қай сыныптар үшін ұйымдастырылады?

— Жазғы мектеп – өз біліміңді толықтыру үшін жақсы мүмкіндік.  Сондай-ақ, қыс мезгіліндегі ауа-райының қолайсыздығына орай, сабақтардың өткізілмеуіне байланысты, білім олқылықтарының орнын толтыру мақсатында жазғы мектеп биыл 27-31 мамыр аралығында және де ағымдағы жылдың 26-30 тамыз аралығында жұмыс істейтін болады. Жазғы мектепте сабаққа қатысу өтініштер негізінде ата-аналармен, заңды өкілдермен келісу кезінде бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің негізгі пәндері бойынша 1-8, 10 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Сабақтар  қалауы бойынша, үй тапсырмасынсыз өтеді.

-Ендігі кезекте жазғы мезгілдегі балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатындағы демалыстар мен сауықтыру жұмысын ұйымдастырудың  жайы?

Иә, әрине бұл жазғы уақыттағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Осы орайда биыл 2271 баланың демалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жазғы маусымда  12 мектеп жанындағы лагерь  өз жұмыстарын бастайды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы 2 жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Биыл  60 оқушыға квота бөлінді. Сонымен бірге,  туристік саяхатпен шығармашылық алаңдарда ,зияткерлік бағытта баланың демалысы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, дарынды, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан, құқық қорғау органдарының есебіне алынған  және  қолайсыз отбасы балаларының да демалысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Мәдениет, тарих, өлкетану»,  «Спорттық, зияткерлік ойындар», «Білім, лингвистикалық» бағыттар бойынша балаларға арналған шеберлік кластар мен интерактивті экскурсияларды қамтитын «Талант тур», «Жанды сабақтар», «Summer fest» жобалары іске қосылады.

 

Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

 

 

ТегтерБілім