Монополияға қарсы органның қызметі туралы
Еліміздің алғашқы монополияға қарсы ведомствосы 1991 жылы 7 маусымда Қазақстан Республикасы өз алдына тәуелсіздік алған жылы құрылды.
Мемлекеттің қалыптасу, нығаю жылдарында елдің өсіп келе жатқан экономикасының міндеттеріне сәйкес ауқымды мемлекеттік бағдарламалар мен экономикалық реформалар жүзеге асырылды.
Монополияға қарсы органның құрылымы қанша мәрте өзгерсе де, бір ғана ұстанған мақсаты — Қазақстанның тиімді бәсекелестік саясатын іске асыру болды.
Осындай мақсат жолында Монополияға қарсы орган «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 417 Жарлығымен құрылды.
Монополияға қарсы орган нарықтағы бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган.
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) және оның аумақтық бөлімшілері өз кезегінде монополияға қарсы заңнамалардың сақталуын бақылауды іске асыратын монополияға қарсы орган болып табылады.
Агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада аумақтық бөлімшелері бар. Сондай бөлімшелердің бірі — Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) болып табылады.
Департаменттің жұмыс барысындағы мақсаты — бәсекелестікті қорғау және дамыту, монополистік қызметті шектеу және жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу жолымен нарық субъектілеріне тең жағдайлар жасап, нарықта адал бәсекелестікті дамытуға ықпал ету.
Осыған қоса, Департамент өзіне берілген міндеттерді толық іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу шараларын атқарады.
Ақтөбе облысының аумағында жұмыс жасайтын әрбір кәсіпкер білу қажет.
Монополияға қарсы заңнаманы бұзу деп кез-келген тауар нарығында кездесетін келесідей әрекеттер танылады:
— нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
— нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттері;
— үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану;
— жосықсыз бәсекелестік;
— мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері, келісімдері.
Кәсіпкерлердің әрекеттерінде жоғарыда көрсетілген бұзушылық белгілері байқалған жағдайда монополияға қарсы орган нарық субьектілеріне хабардар ету шаралар қабылданады (хабарлама түріндегі монополияға қарсы ден қою актілері).
Сонымен қатар, адал бәсекелестік саясаты мен ережелерін көздейтін кәсіпкерлермен Комплаенс жасақталады, нарықтағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіледі.
Ал, бұл жүргізілген шаралардың нәтижесінде нарықтағы өз әрекеттерін мүлде өзгертпеген кәсіпкерлер үшін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын қатаң басшылыққа алып, Департамент тарапынан тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде айыппұлдар салынатын болады.
Кәсіпкерлердің назарына!
Кәсіпкерлерге бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде монополиялық табысты тәркілей отырып, айыппұл салынатын санкция көзделгенін есте ұстаған жөн.
Кәсіпкерлер арасында монополияға қарсы заңнаманың ең көп құқық бұзушылығы ақпаратты мерзімінде бермеу немесе беруден бас тарту, енгізілген нұсқамаларды орындамау болып табылады.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бүгінгі күні облыс аумағындағы барлық маңызды тауар нарықтары әрқашан тұрақты бақылауда болатынын назарыңызға салады.
Д.МАЛИКОВ,
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бәсекелестікті дамыту
бөлімінің бас маманы