Орман және дала өрті
Құрметті аудан тұрғындары және қонақтары осы орайда орман және дала өртінен сақтану ережелерін еске түсірейік!
Көктем келді. Күн жылыған соң, жақындарымызбен табиғатқа демалысқа шығамыз.
Табиғат аясында өрттерге жол бермеу мақсатында тыйым салынады:
— орман, тоғай және дала алқаптарында сөндірілмеген отты қараусыз қалдыруға, темекі тұқылын немесе шала бықсыған шүберектерді тастауға;
— қалың ну арасында, ағаштардың түбіне, егін алқаптарына, ағаш қоймаларының маңына от жағуға;
— орман, тоғай және дала алқаптарына өздігінен өртенетін заттарды, атап айтқанда: жанармай сіңген шүберектерді, шыны ыдысды тастауға болмайды. Себебі бұл заттар күннің күюімен тез қызып, өрттің шығуына әкеліп соғады;
— орман алқабында, саяжайларда құрғақ шөптерді өртеуге;
— қамыстарды жағуға;
— желді күндері от жағып, оны қараусыз қалдыруға;
— тұрақтан кеткен соң жанып тұрған отты қараусыз қалдыруға тыйым салынады;
Табиғи өрттің орын алуын байқағанда, мүмкіндігінше адамдарды жинап өртті сөндіруге тырысыңыз. Егер өртті дер кезінде сөндіру мүмкін болмаса, дереу қауіпсіз жерге кетуіңіз керек.
Тілсіз жау адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, ел экономикасына айтарлықтай материалдық шығын әкеледі. Негізінде, өрт жаздың қатты ыстығында, ұзақ уақыт жауын жаумай құрғақшылық болғанда жиілейді. Ал орманды және дала алқабының өртенуіне шөптің өздігінен жануы басты себеп. Сонымен қатар, орман өртінің 80 пайызға жуығы тұрғындар еңбек етіп немесе демалып жатқан жерлерінде өрт қауіпсіздігін сақтамауынан, орманда ақаулы техниканы пайдаланудан орын алуы мүмкін. Демек, дала өртінің негізгі себептерінің бірі – адамның отқа ұқыпсыз қарауы, яғни, орманда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы. Бір өкініштісі, орманға келушілердің көбі өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныс емес, отты сақтықпен пайдалануға дағдыланбағандардың қатары көп. Негізінен, жанып тұрған сіріңкенің шиін, темекі тұқылын жерге тастау, бекітілмеген жерлерге, қылқан жапырақты жас екпелерге, бұрын жанған ағаштарға, орманның зақымдалған учаскелерінде, сондай-ақ ағаш бұтақтарының астында және кепкен шөбі бар жерлерде от тұтатпау қажет.
Орман өртінің табиғатқа келтіретін зияны аз емес. Өйткені жасыл-желектің қайта қалпына келуі үшін ондаған жылдар қажет. Өрт бола қалған жағдайда орманның табиғи қайта түлеуі жойылады. Зиянды орман жәндіктері орман өртінен нашарлаған сүрек-діңдерге қонып, тез көбейе бастайды да, кейіннен олар жанында өсіп тұрған сау ағаштарға ауысып, оларды зақымдап, шірітеді. Қызыл жалын орман ішіндегі құстардың ұясы мен жан-жануарлардың қоректік базасын да жояды.
Ал орман өртінің алдын алу үшін алдымен адамдар табиғатты пайдалану мәдениетін меңгеруі қажет. Орманды өрттен сақтау, табиғатқа тағылық көрсетпеу бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес, барша адамзатқа ортақ міндет. Яғни, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қоғам тыныштығының кепілі. Бастысы, жұртшылық өрттің туындауына жол бермеу үшін барын салуы қажет. Орман және дала өртінің алдын алу және жою мәселесі әрқашан басты назарда болып, аталған табиғи апатқа қарсы әрекет етуге дайын болуымыз қажет.
Сақ болайық! Төтенше жағдайлар орын алғанда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабар беріңіз!
Қарғалы ауданының ТЖБ