Сарқырама аумағы тазартылды

  Өткен аптаның сәрсенбісінде табиғатымен көпшілікті таңқалдырып, ауданымыздың символына айналған «Қасқыр сарқырамасына» тазалық жұмыстары жүргізілді. 

Экологиялық маңызы бар игі шараға аудан әкімі Асқар Жүсібалиев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев, «Родина.KZ» ұйымының төрағасы Юрий Гончаров, «Eco Madeniet» волонтерлік қозғалысының көшбасшысы Айман Сексенова мен аудан жастары белсенділікпен  қатысты.

— «Таза Қазақстан» республикалық акциясына біздің аудан да үн қосты. Қазіргі уақытта туристер жиі келетін аумақ болғандықтан «Қасқыр сарқырамасы» аталып кеткен туристік аумақты қоқыстан тазалауды жөн көрдік. Экологиялық акцияға облыстық кәсіпкерлік басқармасының қызметкерлері, аудандық бөлімдер мен мекеме ұжымдары жұмыла қатысты, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Тәженов.

Сондай-ақ, «Eco Madeniet» волонтерлік қозғалысының көшбасшысы Айман Сексенованың айтуынша, экологиялық акцияға үлес қосу — әр тұрғынның азаматтық парызы.

— Әдетте біз тек облыс орталығындағы сенбіліктерге қатысатынбыз. Бұл жолы Қарғалы ауданындағы «Қасқыр сарқырамасына» арнайы келіп, қатыстық. Таза ауамен тыныстап, сарқыраманы тамашалап, сол маңның тазалығына үлес қостық. Біздің волонтерлермен бірге кәсіби кологтар да белсене атсалысты, — деді Айман Сексенова. Сонымен қатар ол өлкемізді таза ұстау үшін табиғат аясында демалғанда әрбіріміз отырған жерімізді шашпай-бүлдірмей, керісінше, тазалап кету мәдениетіне үйренуіміз қажеттігін айтты.

Айта кету керек, тазалық-туризм кепілі. Табиғаты ерекше, әсем жерде дем алып, таза ауасымен тыныстағың келсе, ең алдымен оның тазалығына сіз де біз де жауаптымыз. Ортақ істе жауапкершілікті ұмытпауымыз керек. Біз негізі көп нәрсеге көз жұмып қараймыз. Бірақ соның зияны айналып келгенде өзімізге тиеді. Сондықтан да, әрбір адам өз ісіне тиянақты, өзінің пайдаланған заттарына жауапты қараса, тазалық мәселесі күрмеулі болмас еді. Ендеше, Жер-Ананың бізге берген ерекше табиғи сұлулығына, қиянат жасауға хақымыз жоқ!

Қарғалы-АҚПАРАТ