Еңбегімен танылған әже

Майданның қызыл қанын кешіп, оқ-дәрінің  исін жұтпаса да елде «Бәрі де жеңіс үшін»,- деп күні-түні еңбек ете жүріп, қарт ана, жас келін, жәутеңдеген жас баланың зарын естіп, балалық базарлықты белдері қатпай жатып еңбекке жегілген тыл ардагерлерінің де еңбегі ерен.

Осы күндегі ашық асапанымыздың себепкерлерімен бетпе-бет сөйлесіп, сыр бөлісу қазіргі жастарымызға ауадай қажет. Иә, соғыс заманы өтті, бірақ біз болашағымыз үшін тарихымызды жете білуіміз қажет.

Сұм соғыстың бітіп, жеңіс туы желбірегініне келер жылы 80 жыл толады. Алайда, от пен оқтың арасында болған жанкешті куәлары еліміз бойынша саусақпен санардай-ақ қалды. Жеңісті жақындатамыз деп жанын салғандардың да қатары сиреп, арамызда бары да 90-ды төңіректеп жүргендер.

Бізде жылдағы мереке алдындағы үрдіске сай аудандағы тыл еңбеккерлерімен хабарласып, ерліктерін жастарға дәріптеп жеткізіп келеміз. Осы жолғы кейіпкеріміздің бірі Ащылысай ауылының тұрғыны, еліне сыйлы, баршасына танымал Несібелі Кашкинбаева әжелері  туралы әңгіме өрбітпекпіз.

 

Біздің кейіпкеріміз бірден ел құрметтісі,  аяулы ана, асыл әже бола қалған жоқ. Сонау репрессия өршіген 1937 жылдың мамыр айында жұмысшы  әкесі Шыбықбай мен анасы Кариманың отбасында дүниеге келген.  Несібелінің балғын шағы Ұлы Отан соғысының кесапатымен ұштасты. Әкесінен үш айлығында айырылып, анасының бауырында ағасы екеуі қалады. Анасы сиыр сауып, ұжымшардың біраз жұмысын жасайды.

Сол кезде қаршадай Несібелі қасында болып, бұзау тартып, қи ойып, қой-ешкі бағады. Жоқшылықтың дәмін татып, ерте есейеді. Осылайша, тағдыр туқыметіне шыңдалып, бой жетеді. Негізінде қазіргі Әлімбет  ауылы кезінде Джерзин елді мекені деп аталып, сол өңірдегі мектепте 4 класқа дейін оқиды. Кейіннен Бадамшаның қасындағы Тайкеткен ауылында 6 класты тәмамдайды. Мектептен соң анасы екеуі талай ауыр жұмыс жасауларына тура келеді.

Әлімбетте  ұжымшарда жасалатын қол жұмысының біразын атқарады. Жалдамалы жұмысшы болып, айтқанға көніп, айдауда жүрген күндерін еске алған кейуана осы күнге жеткеніне тәубешілік деп әңгімесін жалғап еске алады.

Жылдар жылжып өтіп, 1956 жылы дәм-тұздары жарасып, Тұрсынмен бас қосып, отбасын құрады. Одан әрі отбасылық тірлік басталып, дәм тартып 1964 жылы Әлімбет ауылының  2-ші мал фермасы болған Лушников ауылында жолдасы мал бағып, өзі сауыншы болып еңбек етеді.

Кейіннен шаруа адамына риза болған сол кездегі ұжымшар басшылары  Ащылысай ауылына шақырады. 1974 жылы қазіргі құтты мекен болған сол ауылына қоныс аударып, өздерін еңбекте көрсете біледі. Сол кездері Ленин ауданындағы іргелі, ірі Передовик ұжымшарында жолдасы озат қойшы, өзі үлгілі сауыншы болып, жасындағы шымырлықтың шыңына жете бастайды. Бейнетпен өскен қыздың беделі биік, қол жеткізген марапаттары да баршылық.

Кеңестік дәуірдегі «Солқылдата

соғылсын, бес жылдықтың балғасы» жобасының 1972, 1976, 1980 жылдардағы жеңімпазын айғақтайтын төс белгілері де баршылық. 1980 жылы Ащылысай ауылдық кеңесінің депутаты, осы жылы «Еңбек даңқы» медалінің иегері  атанған. Оған қоса еңбектегі марапаттарымен қатар ҰОС-да жастайынан еңбекке араласқан тыл еңбеккері 1965-1970 жылдары жеңістің мерекелік медалдарының иегері.

1987 жылы еңбек демалысына құрметпен шығарған аталмыш ұжымшар да соңғы кезге дейін құрметтеп, ардақтап, бүгінгі таңда Ащылысай ауылдық округінің елге сыйлы, ардақты, көргені мен түйгені мол, ақ жаулықты әжені елі сыйлап құрмет тұтады. Қиындықпен алысып, таңда тұрып сиыр сауып, қысы-жазы бел жазбай жүрген еңбекқор жандар, бүгінгі күні көп баланың ата-анасы.

-Иә, өмір өкінішсіз  болмайды. Ұлдың үлкені өмірден озса да артында  тұяқ қалды. Әттең, Тұрсын әкелері де ата бақытына, немерелері мен жиендердің қызығына жете алмай өмірден ерте кеткені болмаса,-деп  күрсініп, еске алады Несібелі әже.

Кейіпкеріміз өткенді сағынышпен еске алса да, бүгінде үш ұлы мен бір қызын жеткізіп, балаларынан 10 немере мен 5 шөберенің қызығын көріп, талай қиындықтан өтіп, Тәуелсіздіктің таңына аман жеткеніне үнемі  тәубе деп отырады.  Ол қазір елі қадірлеп, ұрым-бұтағы аялаған асыл әжелердің бірі. Сол кездегі сұм соғыстың куәсі, 87  жастағы кейуана әлі ширақ. Бүгінде ауылға ақылшы, отбасына мәуелі  бәйтеректей сая болып отыр. Әлі күнге дейін көрген білгенін кейінгілерге айтып, ақыл-кеңес беріп отырған ел анасы.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы».