ЕҢБЕК АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Өткен аптада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев ұзақ жылдар бойы энергетика саласында елеулі еңбек еткен, жерлесіміз Утегенов Аманжол Жайбергенұлының мерейлі 70 жасқа толуына орай құттықтап, кеудесіне төс белгі тақты.

Аманжол Жайбергенұлының есімі аудан жұртшылығына етене таныс. Ұзақ жылдар бойы, яғни 45 жылдан астам уақытын осы энергетика саласына арнаған білікті маман. Сондай-ақ, еңбек жолының соңғы жылдары ауданымыздағы электр желілері бөлімінде басшылық қызметін атқарып, сол саладан зейнеткерлікке шықты.

Энергетик – бұл өте жауапты сала. Сондай-ақ, бұл мамандық әлемдегі ең қауіптісі болып саналады. Сондықтан да, өміріңді қауіпке тіге жүріп,  көпшілікке жарық сыйлау құрметке тұрарлық еңбек.

Міне, осы орайда еңбек ардагерінің 70 жылдық мерейтойына орай Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы еңбегін ескеріп, құрметке  бөлеп,  «ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН» медалімен марапаттады.

Еңбегі еленген кейіпкеріміздің еңбек жолы мен өмірі жас ұрпаққа өнеге. Ол өзі еңбек еткен саланың даму жолын, қиындығы мен қыр-сырын жетік меңгерген жан.

Сонымен қатар, ауданымызға қалтқысыз қызмет етіп, көптің алғы­сына бөленген, өнегелі өмірін тұрғындар игілігі жолына арнаған ардагеріміз бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, балалары мен немерелерінің қуанышына кенеліп отыр.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА