Қауіп сейіліп, судың беті қайтты
Бүгінгі күні су тасқыны күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, еліміздегі бірнеше облыс пен оның аудандарын су басып, қарапайым халық баспанасыз қалды. Қазір аймақта алдын алу шаралары қабылданып, өңірлік штаб құрылып, су басу қаупі бар өңірлерге арнайы техника мен адам күші жұмылдыруда.
Осы орайда бұған дейін біз де ауданымыздағы ахуал жайында сөз етіп, хабардар еткенбіз.
Ауданымызда ауа-райының күрт жылынуы мен өзендердегі судың көтерілуіне байланысты жедел штаб өз жұмысын бастап, қарқынды жұмыс жүйесі күшейтіліп, Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылында Қарғалы өзенінің жағалауына бекіту жұмыстары жүргізілді. Дей тұрғанмен қауіп біздің өңірімізді де айналып өтпеді.
Олай дейтініміз, Қарғалы өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Желтау ауылдық округін су басу қауіпі орын алды. Нәтижесінде, аудандық су тасқынына қарсы жұмылдыру тобының жұмысы күшейтіліп, Шәмші Қалдаяқов пен Петропавл ауылдарында тасқын суға қарсы бөгет тұрғызылды. Осындай ел басына қауіп төнген қиын сәтте аталмыш жұмысқа жергілікті атқарушы органдар, ауыл тұрғындары мен жеке кәсіп иелері арнайы техникаларымен қамтамасыз етіп, көмек қолын соза білді.
-Ағымдағы жылдың 6 сәуір күні ауа-райының 15 градустан жоғары жылынуы мен жауын-шашынның орын алуына байланысты Қарғалы су қоймасындағы судың деңгейі көтеріліп, ағысы күшейді. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы 280 млн текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда судың жиналған нақты көлемі 270 млн текше метр, яғни 96 пайызға толып отыр. Шәмші Қалдаяқов пен Петропавл ауылдарында су тасқынына қарсы бөгеу жұмыстары қарқынды жүргізілді. Атап айтар болсам, Петропавл ауылында 5 бірлік тиегіш, 3 жүк көліктері мен 110 тонна инертті материалдар тасымалданып, суға қарсы бөгет салынды. Сонымен қатар, 100-ден астам адам күштері тартылып, 2000 қап инертті материалдар қапталып, су тасқынына қарсы барлық құрылымдар жұмылдырылып, күшейтілген режимде жұмыс атқарылды. Қазіргі кезде судың беті қайтып, қауіп сейілді. Ахуал толығымен жеке менің бақылауымда,-деді аудан әкімі Асқар Жүсібалиев.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауданымызда болып, іссапар барысында Қосестек ауылы мен Қарғалы су қоймасының жағдайын бақылады. Қосестек ауылы бойынша тұрғын үйлерді су басу қауіпі жоқ. Десе де штабтық жұмыс тобы ауыл ішімен ағып өтетін Таранғұл және Айтбай өзендерінің жағасына топырақ үйіп, су басудың алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, облыс басшысы жергілікті тұрғындармен кездесуден кейін Қарғалы су қоймасындағы ахуалмен танысты.
Кешегі күнгі мәлімет бойынша жобалық қуаттылығы 280 млн. текше метрді құрайтын су тоғаны бүгінде 98%-ға толы. Қарғын судың ағыны секундына 200 текше метр болса, суды ағызу да дәл сондай, 200 текше метр транзиттік режіммен жіберілуде. Бұған дейін бір күн бұрын, қауіпсіздік мақсатында суды жіберу секундына 350 текше метр шегінде болды. Алдағы екікүндікте қоймадағы су ағынының толық төмендеуі күтілуде.
«Біз су қоймасының айналасын қарап шықтық. Қарғалы су қоймасына құятын өзендерде су деңгейінің төмендеуі байқалып отыр. Бұл күн сайын су қоймасына келетін су көлемі ағыны азая бастайды деген сөз. Жағдайды екі сағат сайын бағамдап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Табиғи апаттың айтып келмейтіні рас. Дегенменде «сақтансаң сақтаймын» демекші, осындай сәтте, яғни елді мекендерді су басу қауіпі бар сын сағаттарында, белсенділік танытқан аудандық штабтың нәтижелі жұмысының арқасында қайғылы жағдай орын алған жоқ. Себебі, дер кезінде бірлесе атқарылған іс қашан да нәтижелі бола бермек.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА