Ақтөбеде зейнеткерлер мен мүгедектер үшін қоғамдық көліктерде жүру тегін
Мұндай бастаманы 14 наурыз күні өткен облыстық мәслихаттың сессиясында өңір басшысы Асхат Шахаров көтерген еді. Ұсынысты депутаттар қолдады.
Бүгіннен бастап ақтөбелік зейнеткерлер мен 3 топтағы мүгедектер үшін қоғамдық көлікте жүру ақысы тегінге ауысты. Бұл ретте жеңілдік карталарының иелеріне жаңа карталарды сатып алудың қажеті жоқ, өйткені олардың қолдарында бар карталар автоматты түрде тегін тарифке ауысады.
Соманың қалдығы карта шотында қалады және жоғалмайды, теңгерімді сізге ыңғайлы кез-келген уақытта оқушы картасына немесе стандартты картаға аударуға болады. Сондай-ақ, барлық жеңілдіктер мен әлеуметтік карталар жол жүру төлемдерін жүзеге асыруға арналған планшеттерден өткізілуі тиіс екенін еске саламыз.
Бұған дейін қалалық қоғамдық көлікте Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар тегін жүрді. Бұдан өзге, зейнеткерлерге жасы бойынша 50% мөлшеріндегі жолақысы қарастырылды. Бұл жеңілдіктер 2021 жылдың қыркүйегінен бастап іске асты.
t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi