Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева бастаған депутаттар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге қаланың шеткі бөлігіндегі Жаңақоныс, Құрашасай, Заречный, Есет батыр, Арман, Шығыс тұрғын алаптары мен Әуе қалашығы,Сүт зауыты, 12-шағын аудандары, сондай-ақ Жарық, Қурайлы, Қызылжар, Қызылжар-3, Шилісай, Садовое елді мекендерінде су басқан аумақтарды аралап, тұрғындардың дер кезінде көмек алуына ықпал етті.

Депутаттар қала аумағындағы бірқатар су басқан аулалар мен көшелерге құм төсеу, су бұру,  су сору, жолдарды қар суынан тазарту жұмыстарына атсалысып, техникаларды жұмылдыруға өз көмектерін берді. Сондай-ақ депутаттардың бір тобы су басқан аумақтарға инспекторлық мониторинг жүргізіп, зардап шеккен тұрғындардың санын, олардың қазіргі жағдайын анықтауда.

— Апат айтып келмейді. Расында да, табиғаттан болатын тілсіз апаттар ескертусіз-ақ болары хақ. Қазіргі таңда еліміздің көп өңірінде, оның ішінде біздің облысымызда қар суының тез еріп кетуі, сондай-ақ нөсер жаңбырдың жаууынан бірқатар аумақтарды су басып, тұрғындар әбігерге түсуде. Былтыр күзде су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстарға қарамастан, облыстың бірнеше ауданында, сондай-ақ Ақтөбе қаласының шеткі бөліктерінде тұрғын үйлердің аулаларын, көшелер мен автокөлік жолдарын су шайып кетті. Осы орайда қазір облыстағы барлық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлімдердің қызметкерлері, құтқарушылар, медицина саласы мамандары жұмылып, қарқынды жұмыс жасап жатыр. Бірқатар аумақтарда ауласына су кірген тұрғындар үйлерінен шығарылып, қауіпсіз жерге көшірілуде. Қуаныштысы, табиғаттың мұндай тосын құбылысына тұрғындар түсіністікпен қарап, бір-біріне жанашырлық танытуда, — дейді Гүлқасима Сүйінтаева.

 

 

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстық мәслихат депутаттары өз округтері бойынша ауыл-аймақтарды аралап, сайлаушылардың мұң-мұқтажын тыңдап, суға кеткен үйлердің жағдайымен танысып жатыр.

Кеше бір топ депутат Қурайлы, Қызылжар-3 елді мекендеріне барып, осы ауылдарда көмекке мұқтаж азаматтарға өз қолдауларын көрсетті. Депутаттардың бірі құм түсіріп берсе, бірі сырттан келген суды бұру жұмыстарына атсалысты. Тағы бірі су келген аумақтарды қаптармен жабу жұмыстарына қол сыбана кірісіп кетті.

— Осындай кезде бәріміз жұмылып, бір-бірімізге түсіністік танытып, қамқорлық көрсетуіміз керек. Су — тілсіз жау. Сондықтан қиын шақта бір-бірімізге сын көзбен қарамай, керісінше, жанашырлықпен қарауға тиіспіз.  Қазіргі таңда су тасқынына қарсы шараларға жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, әскери және медицина саласы қызметкерлері, облыстық полиция департаментінің мамандары жұмылдырылып, күндіз-түні тынымсыз еңбектеніп жатыр. Біз осы азаматтарға алғысымызды айтамыз, — дейді депутат Нұрлан Махамбетов.

27 наурыз күні Қызылжар-3 ауылының көшелері қар суына толып, тұрғын үйлерге қауіп төнген-ді. Осы кезде Нұрлан Махамбетов бастаған ер-азаматтар тұрғындарға қол көмек көрсетіп, бірнеше үйдің судан аман алып қалды. Олар жергілікті әкімдікпен бірлесіп, арнайы техникалармен құм әкелдіріп, аулаларға су кірмеу үшін қоршаулар жасап берді.

Қурайлы, Қызылжар-3 елді мекендерінің тұрғындары аудан әкімдері мен депутаттарға алғысын айтып, дер кезінде көмек қолын созған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

— Облыстық мәслихат депутаттары мен әкімдік қызметкерлері қолдарын келгенше көмектесіп, үйімізді судан аман алып қалды. Бірнеше күннен бері сумен алысып, суға кетеміз бе деп қорқып отыр едік. Өтінішімізді орындаған азаматтарға алғысыз шексіз,— дейді қызылжарлықтар.

Д.АЙДАР.