Тұрғындардың жағдайын білді
Ақтөбе қаласындағы 26, 36 және 71 мектептерде құрылған эвакуация пункттерінде жергілікті атқарушы органдар, демеушілер мен еріктілер су басқан саяжайлар тұрғындарына тиісті жағдай жасауда.
Бүгін облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, мемлекеттік қызмет ардагері Сәния Қалдығұлова және облыстық мәслихаттың депутаттары мектептерді аралап, тұрғындардың хал-жағдайын білді.
26 орта мектептің директоры Талғат Ерназаров қазіргі таңда мұнда жақын маңдағы саяжайлардан көшірілген 88 адам орналасқанын айтты. Қажет болса, оқу орны тағы жиырма адамды қабылдауға дайын.
– Тұрғындарға тиісті жағдай жасалып, үш мезгіл тамақ, қосымша ас ұйымдастырылып, кезекшілерге бөлек тамақтану кестесі қарастырылған. Медициналық пункт таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді, біз барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеміз. Бізге еріктілер де белсенді түрде көмектеседі, — дейді мектеп директоры.
Ақтөбе қаласының 45 жастағы тұрғыны Надежда күйеуімен мектепке кеше түнде келген. Жақында ота жасалған әйелге отбасына бөлме беріліп, медициналық көмек көрсетілген.
— Бәрі жақсы. Ешқандай шағымымыз жоқ, — дейді ол.
Мектептерде балалардың бос уақытын өткізуге жағдай жасалған.
Бүгінде 36 мектепке — 160, 71 мектепке 300 адам орналастырылған. Оларға да тиісті жағдай жасалған.
Гүлқасима Сүйінтаева тұрғындармен тілдесіп, олардың жағдайын сұрады. Алдағы уақытта су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Д.АЙДАР.