АУҒАН СОҒЫСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

АУҒАН СОҒЫСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Ауған соғысы Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Иә, бейбіт дәуірде туған жерден отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанғандар ойламаған жерден қан майданға тап болам деп ойлады ма?

Заманында құпиямен іс бітіретін Кеңес Одағы басшыларының шағын тобының ұйғарымымен 1979 жылы 12 желтоқсанда Ауғанстанға Кеңес əскерін енгізу туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, ауған елі тынышталғасын елге қайтамыз деген өрімдей жастар ысқырған оқ, от жалын құшағына еніп кете барды.

Ұзаққа созылған қан майдан 1979 жылы 27 желтоқсанда басталып, 1989 жылы ақпан айында аяқталды. Он жылғы ойран ортасында болған Кеңес əскері елге бет алған 1989 жыл болып тарих парағына жазылды. Содан бері оралмағандарға ізет, тірілерге құрмет көрсетіліп келеді.

АУҒАН СОҒЫСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Кеңес одағында болған елдер арасындағы əскери міндетін атқарған 22 269 қазақстандық жауынгер интернационалдық міндетін атқаруға аттанған еді. Оларды елде ата-ана амандығын тілеп, келген пошташыға жəутеңдеп, əр қоңырауға елеңдеп күтті. Аяғымен кеткен ұлын тыныш елде табытпен қарсы алып, қайғы жұтқандары қаншама. Соңғы деректерде соғыс отына түскендерден 924-і соғыста ерлікпен қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті делінуде. (Алайда түрлі себептермен мəлімет өзгеріп те жатады).

Осы сұрапыл соғыста ерен ерлігімен көзге түскен 10 мыңға жуық қазақстандықтар бар делінсе, азаматтық борышын өтеуде жанын қиған жерлесіміз Жоныс Үкібаевты заманының батыры деп ардақтап келеміз. Бүгінде елімізде сол бір от пен оқтың ортасынан оралғандардың 3 мыңдайы əр топтағы мүгедектер. Осындай тыныш елге таңба салған соғысқа біздің ауданнан 41 жауынгер қатысса, соның 16-сы арамызда аудан əлеуметін көтеруге өз үлестерін қосып жүрген соғыста от кешкен жастар, бұл күнде ел ағалары.

АУҒАН СОҒЫСЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Қалай десекте, қаншама одақтас елмен қатар қазақстандық отбасына қасірет əкелген Ауған соғысы ақиқатын айтатын тарихшылар десек, қабырғасы қайыса еске алатын отандастары, отбасы болып қала бермек.    Бүгінгі таңда арамызда жүрген аудандағы ауған соғысы ардагерлері де қоғамдық ортада еңбек майданымен қатар, жастарға патриоттық тəрбиенің айнасы деуге болады. Біздің аудандағы 16 ардагер азаматтардың ұйтқысы қан майдандағы қаруластары Ғарифолла Жүзбаев жетекшілік етіп, жоғын жоқтап жүрген азамат. Жастарды əскери патриоттық тəрбиелеуде де үлесі зор. Əр ардагер азаматтар жұмыстан сəл босаса аудан жастары, мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, өз жолдары және бүгінгі өмір бағыты жайлы əңгіме қозғайды. Олардың аудандағы қандай да болмасын іс-шараның ортасынан табылуы əскери тəртіптің табандылығын аңғартқандай əсерде қалдырады.

Ауғандық ардагерлер қоғамы өкілдерінің сөзінше Кеңес заманында бөлінген көңіл, тəуелсіздіктің алғаш жылдары түрлі себептермен бəсеңсіп қалғандай болған. 1998 жылдың 28-сəуіріндегі шыққан жарлық ауған ардагерлеріне берілетін көмектің мөлшерін анықтады деседі.

Дұрысында, соңғы кездері біраз демеулер көрсетілуде. Алысқа бармай-ақ, аудандағы арамызда жүрген ардагерлерді айтсақ, жылда жергілікті бюджеттен қысқы жылыту науқанында əр ардагерге көмек қарастырылған. Оған қоса, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама, табыс, көлік салықтары, жылдағы келетін мамыр айындағы Жеңіс күніне орай қаржылай сыйлықтар беріліп келеді.

Бұл жерде айтқымыз келгені, ел ерлеріне қандай да құрмет жарасады. Осыны жастардың жадына құйып, ерлік ескірмейдіні, еске салып отыру қоғамның қамқорлығы, көпшіліктің міндеті дегім келеді.

Бақыт Имашев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.