Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзі
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес.
Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек.
Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік.
Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?»
«Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі.
Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды.
Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз.
Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе».
«Келесі мәселе. Ұлттық құрылтайда біз мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдарын айқындаймыз. Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды. Дегенмен, өзгерістердің басты мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Сондай-ақ әр азаматтың жан-жақты дамуына жағдай жасау.
Осыған орай экономиканы дамытатын жаңа мүмкіндіктерді үнемі іздеп отыру керек. Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын.
Ең алдымен қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын.
Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады».
«Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді-мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады.
Бұдан бөлек, Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру барысында жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін толық іске жарату қажет.
Экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану керек. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Таяуда біз Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қостық. Қазақстан мен Қытай болашағы зор бұл жобаны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында бірлесіп жүзеге асырды. Дәл осы аптада Әзербайжанға Сиань қаласынан алғашқы контейнер пойызы келіп жетті. Жаңа логистика орталығы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттыруға ықпал етеді»
«Біз еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғайуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құрылысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өзгертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді.
Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады.
Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік бететін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды. Темір жолдың өткізу қабілетінің артуы, жанар-жағар майдың үнемделуі және компания табысының көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс».
«Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнемдеу. Үкімет бұл мәселені әрдайым басты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірісі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қаржыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет.
Мен бүгін тағы бір өзекті мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі.
Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек».
«Мен Мемлекет басшысы ретінде әрбір мәселені ашық талқылауға дайынмын.
Өздеріңізге мәлім, кәсіпкерлерімізбен үнемі кездесіп жүремін. Бизнес өкілдері белгілі бір саладағы саясатты жетілдіруге қатысты стратегиялық бастама көтереді деп сенемін. Олар экономиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміттенемін.
Алайда, кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады. Тіпті, бизнес-жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекеттік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолымен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады.
Басқа жұртқа қараңыздар. Көптеген елдің, тіпті, көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қыруар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауға тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет».
«Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді.
Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда, жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық.
Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлттық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын болады».
«Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды. Талқылау барысында Дихан Қамзабекұлы, Мұрат Әбенов, Шаймардан Нұрымов және басқа да Құрылтай мүшелері осы идеяны айтқанын білемін.
Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда, азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті, мүмкін емес деуге болады. Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, институционалдық өзгеріс жасау арқылы жүзеге асырылады.
Бірақ қоғамдық этикаға келгенде, заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Барынша мұқият болуды талап ететін бұл шаруаға Ұлттық құрылтай мүшелері де белсене атсалыса алар еді. Жасампаздық рухының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте маңызды.
Зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдырды. Мұны доғару керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды.
Әлем қауымдастығында лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы керек»
«Мен барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталғым келеді. Бұл, ең алдымен, тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек.
Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз.
Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет. Бұл, әсіресе, әлемде «заңның күші емес, күштінің заңы» деген қағидат үстемдікке ие болып, егемендігі осал мемлекеттердің маңдайына өзгеге кіріптар болу жазылған-мыс деген пайымға жол беріле бастаған бүгінгі заманда өте өзекті».
«Қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін баршаңыз көріп отырсыздар. Халықаралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішінде аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіпті, аңғал көзқарас сияқты көрінеді.
Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті.
Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді. Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады.
Еліміздегі мемлекеттік аппараттың сыртқы және ішкі саясатқа қатысты шешімдерінің бәрі популизмді және құбылмалы ахуалдарды емес, іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алуы керек. Мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай бекітіліп, нақты міндеттемелер жүктейтін шешімдері қайта қаралмайтындықтан, әсіресе, сыртқы саясат саласына мұқият болған жөн».
«Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті.
Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын.
Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі.
Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді»
t.me/aqorda_resmi