Ұлағаты мол ұстаз
Ұстаз — ұлағатты есім. Сондықтан да, нағыз ұстаз болу — бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай емес. Нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін мамандық.
Ұстаз болу жан дүниеңді ғылым мен білімге арнап, жас ұрпақты тәрбиелей отырып, өзің де алға ұмтылуың керек. Осы мамандықты жан жүрегімен қабылдаған, ұстаздардың ұстазы — Байсеупова Ақкенже Бахытқызы.
Мейірімді жүрек иесі бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Ол 45 жыл бойы талай тұлпарларды тақымдап, қаншама қырандарды қанаттандырып, бүгінгі күні зейнет жасына жетсе де ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген ұлы мамандық иесі жайлы мөлтек сыр шертпекпіз.
Кейіпкеріміз еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, өмір жолының жастық шағын шәкірттеріне білім мен тәрбиес беруге арнаған ұлағатты ұстаздың өмір жолы жайында баяндап өтейін.
Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің әкесі Бахит пен анасы Күрпен Ақтөбе обылысы, Ойыл ауданының тумасы. Әкесі заманының сауатты адамы болған. Қазақ, орыс, араб тілдерін еркін меңгерген. Кеңес үкіметі аяққа тұра бастаған кездері ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарған.
1930 жылғы қуғын-сүргін бұл отбасында қыспаққа алған тұста өзге елге қоныс аударуға мәжбүр болған. Ол жақта да «қазағым, қош келдің» деп құшақ жая қарсы алмасы белгілі. Көп балалы отбасы ол жақта тұрмыс тауқыметін тартса да төзе біліп, үрім-бұтағын осы күнге жеткізіп кеткен ата-бабалардың бірі. Қиындыққа төзе білген отбасы сәтін салып, 1950 жылы дәлірек айтқанда, кейіпкеріміздің 3 жасында кезіндегі Степной одан кейін Ленин (қазіргі Қарғалы ) ауданының Приозёрный (Ақкөл) ауылына қоныс аударып, әкесі теміржолда еңбек етіп, ол кісінің ұрпағы бала, немере, жиендері Қазақстан теміржол саласында бүгінгі күнге дейін еңбек етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, өзіндік қолтаңбасы бар әулет деуге болады. Ақкенже Бахитқызының өмір баспалдағы да осы өңірден бастау алады.
Ұлағатты ұстаз Аққенже апайымыз ата-анасы Орынбор облысының Тұзтөбе (Соль-Илецк) ауданының Саратов ауылында мекен еткен кезде, көп балалы отбасының 9-шы перзенті болып, 1947 жылы дүниеге келген.
1962 жылы Приозёрный орта мектебін бітірген жас қыз, еңбек жолын Ащылысай элеваторында қарапайым жұмысшыдан бастап, зеректігінің арқасында зертханада жұмыс жасайды. Ұстаздық жолға бастау болған ауылдық кітапханада жұмыс жасайды. Осылайша, білім теңізіне бет алған ауыл қызы Ақтөбедегі мұғалімдер дайындайтын училищеде білім алады. Одан соң оны бітіргеннен кейін кезіндегі Орал қаласындағы педагогикалық институтты тарих мамандығы бойынша сырттай оқып бітіреді.
1968-1977 жылдар аралығында Приозёрный орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп жүріп, мектеп директорының орынбасары қызметін қоса атқарады. Аудандық білім бөлімі 1977 жылы Степной ауылындағы Сазды орта мектебіне мектеп директорлығына тағайындайды. Ол қызметті 1987 жылға дейін мінсіз атқаған білікті басшыға сенімділік танытып, аудан басшылығы қызметке шақырады.
1987 жылдан 1991 жылға дейінгі аралықта Степной ауылдық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде босатылған хатшы қызметін атқарған. Осы еңбек жолына қарап ұстаздың ауылшаруашылығы саласына да қосқан үлесінің бар екенін байқауға болады.
1991 жылы қайтадан шәкірт тәрбиесіне бет бұрған мұғалім мектеп директорына тағайындалып, 1995 жылға дейін еңбек етеді. 1995 жылдан бастап, аудан мектептерінің педагогикалық ұжымдарына әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, білім беру процесін ұйымдастыру үшін Қарғалы аудандық білім бөліміне аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі болып тағайындалады.
2013 жылы зейнет жасына жеткен ұстаз демалыстан гөрі, өткен жолын пысықтағандай аталмыш ұжымнан қол үзіп кеткен емес. Зейнетке шыққан жылдан бастап, 2023 жылдың соңына дейін аудандық педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесін басқарып, әлі де шәкірттеріне елеңдеп, замандастарын іздестіріп, кездесулерге де асығатын ұстаздың айтары мол, тәрбиесі зор үлкендердің бірі.
Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздың тәлім-тәрбиесі мен өмірлік өнегесіне қарай алған алғыстары мен марапаттары да баршылық. Бірнеше рет аудан әкімінің, аудандық, облыстық білім бөлімінің алғыс хат, мақтау грамоталарына ие болған.
Сонымен қатар, КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі төрағасының атынан «Еңбек ардагері», Қазақстан Республикасы Оқу — ағарту министрлігінің «Отличник образования Республики Казахстан», «Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі» төс белгілерімен марапатталған. Ауылдастарының алдында еңбегін паш еткен ұстаз, өткен 2023 жылы ауданның «Құрметті азаматы» атанды. Бұл әрине төккен тердің жемісі және де еңбек адамына берілген құрметтің ең биік дәрежесі деп бағалауға болады.
Біз де ұлағатты ұстазға, келе жатқан Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, жылдар белесінен аман өтіп, ортамыздағы ақылшы болып жүре беруіне тілегімізді білдіреміз.
Бақыт ИМАШЕВ