Ораза айы құтты болсын!

Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.

Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы наурыздың 11-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды Рамазан айының келуімен құттықтаймын.

Рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари).

Иә, осындай нығметтер жасырынған айдың қадірін біліп, әрбір сәтінен құр қалмау үшін мүмін барын салады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер адам баласы рамазан айының не екенін лайықты түрде түсіне білсе, бір жылдың бастан-аяқ Рамазан болуын қалар еді»,-деген.

Бұл ай жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Сондықтан ғибадат айында ерекше рухани күйде іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға тырысу қажет. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз немқұрайлылықты білдіреді.

Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, тиісті міндеттерді дұрыс орындау арқылы ауыз бекіткен кісі, өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.

Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам — сенімнің жартысы»-деген. Оразаны басқа ешқандай құлшылықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткім келеді.

Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) да үмбетіне, яғни біздерге де рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімде былай делінген:«Ей, иман келтіргендер! өздеріңнен бұрыңғыларға ораза ұстау міндет етілгендей, сендерге де ораза тұту парыз етіледі. Мүмкін тақуалыққа қол жеткізерсіңдер» (Бақара сүресі, 183 аят).

Оразаны парыз ететін шарттар:

Рамазан айындағы оразаның үкімі — парыз айы (адамның жеке өзіне міндет болған парыз).

  1. Мұсылман болу. Ораза ұстау – мұсылман болған әр ер адамға, әр әйел кісіге парыз.
  2. Балиғатқа толу. Балиғат жасына толмаған сәбиге оразаның парыздығы міндеттелмейді.
  3. Ақыл-естілік. Есі оралмайынша, жындыға, жарымеске, мас адамға, комадағы кісіге ораза парыз емес.

Оразаны атқаруға қабілетті қылатын шарттар:

  1. Денсаулық. Науқас кісіге ауырған күндері, ораза кезінде жүкті немесе емізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер және жолаушыға сапар күндері ораза ұстамаулары рұқсат етіліп, кейін жағдайлары жеңілдегенде сол күндердің қазасын өтеулері–парыз. Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар–ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былай деп баян етілген: «Шамасы келмейтіндер/қарт кісілер, жазылмайтын ауруға шалдыққандар/ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» (Бақара сүресі, 184 аят).

Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар оразаның қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген:«Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».

  1. Тұрғылықты болу.
  2. Әйел кісінің хайыз бен нифастан тазаруы. Бұл күндері атқарылмаған намаз бен оразаның айырмашылығы – намаздың қазасы өтелмейді, ал оразаны өтеулері – парыз.

Оразаның дұрыстығына қажетті шарттар

  1. Ниет.
  2. Оразаның бұзылмауы.
  • ​ Біле тұра жеп-ішпеу. Ұмытып жеп-ішкен кісінің оразасы бұзылмайды.
  • ​ Өзін-өзі құстырмау. Құсық өзі келсе, ораза бұзылмайды. Алайда кім өздігінен келген құсықты біле тұра жұтса, мысалы, адамдардан ұялғанынан жұтса және құсық ауыз толтырарлық көлемде болса, онда оразасы бұзылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.
  1. Негізсіз болмауы.
  • ​ Кәпір кісінің ораза ұстауы негізсіз.
  • ​ Етеккір не нифас күйдегі әйелдің ораза тұтуы негізсіз.

Оразаның мұстахабтары (әдептері)

Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:

  1. Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты: түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында:

«Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар»-деген, яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.

  1. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.
  2. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі»-деген.

Оразаны бұзатын істер

  1. Күндіз ораза ұстап жүргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп, жеу.
  2. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім, ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру не екі ай бойы ораза тұту қажет.

Ал кімде-кім, ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім, ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.

Егер кімде-кім, жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.

Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді»-деген. Сондықтан да Алла Тағала бұл айдың бір түнін қасиетті де қадірлі етті. Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні Алла Тағаладан алғаш рет Құран аяттары түсті. Сол себепті бұл түн «Қадір түні» деп аталады. Биыл қадір түні сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн. Ол түннің игілігі мың айдан да артық. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі. Ораза тұтып, Жаратушы Жаббар Иесін еске алғандардың барлығының тілектерін Алла Тағала қабыл етіп, сол түні таң атқанша Алланың пенделеріне сыйлаған сәлемі, бибітшілігі, тыныштығы жалғасады.

Ораза ниеті: Алла Тағаланың ризалығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.

Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием, Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

Пітір садақасы-күнделікті қолданылатын негізгі қажеттерінен тыс, қаражатынан белгілі мөлшемнен төмен болмауы тиыс, биыл пітір садақа мөлшері 640 тенгеден төмен болмауы керек. Пітір сөзі — араб тілінде «жаратылыс» деген мағананы білдіргендіктен,  ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған.  Ораза айында беру уәжип етілген. Алла елшісі(с.а.с) «Пітір садақаны ауыздан шыққан ұнамсыз сөздерден және (абайсызда жасап қойған) жағымсыз әрекеттерден тазартушы әрі кедейлерге ішіер ас болсын деп міндеттеді».

 

Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,

 аудандық мешітінің бас имамы