Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Интернационал жауынгерлер Ауған еліне көмектесу үшін қолдан келгенше шайқасып, кеуделерін оққа тосты. Сынаптай сырғып уақыт өтсе де, ерлік ескірмейді. Оларға тағзым етіп, еске алу болашақ ұрпақтың еншісіндегі игілікті іс. Осыған орай, өткен аптада аудан орталығында ардагерлерімізді еске алу шарасы өтті.
Шараға ауған соғысы ардагерлері мен аудандық мәслихаттың төрағасы Сапарбек Аманжолов, ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Шаттық Борикулаков және «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Надежда Заглядова қатысты.
Іс-шараға қатысушылар ауданымыздан сол сұрапыл соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапқан Жоныс Үкібаевқа арналып қойылған ескірткіш жанына жиналып, соғыста мерт болған жауынгерлердің құрметіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Одан соң ардагерлерімізді еске алу шарасы коворкинг орталығында жалғасып, Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай аудандық мәслихат төрағасы мен қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшысы ардагерлерімізге мерейтой төсбелгілерін табыс етіп, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы сөз сөйлеп:
— Әр жылдың ақпан айында біз Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухына тағзым етеміз. Майданнан аман оралған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Сіздердің жасаған ерліктеріңіз мәңгі ұрпақтар жадында қала бермек. Әрқашан аспанымыз ашық болсын, бейбітшілік болсын, -деген лебізін білдірді Н.Заглядова.
Айта кетейік, Қазақстаннан Ауған соғысына 22 269 адам қатысып, оның 924-і қаза тапты. Ал біздің ауданнан 41 адам қан майданға аттанып, ауданға қарасты Қарабұтақ ауылының төл перезенті Жоныс Үкібаев ерлікпен қаза тауып, қалған 40 азамат елге оралған еді. Қазіргі кезде олардың қатарының да сиреп бара жатқаны көңілге мұң ұялатады.
Жұлдыз КЕНЖЕ