Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас… (жемқорлық, парақорлық, масылдық туралы)

Асыл дініміз барлық мәселеде адалдықты ту еткені сияқты кәсіпте де адал болуды бұйырады. Құран -Кәрімде Алла Тағала: «Адамдардың мал-мүліктерінің бір бөлігін біле тұра, күнә жасай отырып қолға түсіру үшін іс басындағыларға жегізіп малдарыңды өз ара нақақтан жемеңдер!» (Бақара, 188 аят) дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үкім шығарда пара берген адамға Алла лағынет етсін!» (Тирмизи, Ахкам, 9) деп қарғыс айтқан. Мемлекеттік қызметкерлердің сыйлық алуы да дін бойынша пара болып есептеледі.

Жемқорлық пен парақорлықтың қоғамға келтіретін зияны да шаш етектен. Маман болу үшін пара беру маман жасамайды. Лайықсыз орын үшін пара беру қоғамды кері тартады. Оның үстіне әлсіз адамдардың қаражатына, рыздығына қол сұғу адамды сұғанақтыққа үйретіп, адамның ақысын жеген саналады. Сондықтан жемқорлық пен парақорлықтың діндегі үкімі- харам.

Себебі, адал кәсіп шынайы мұсылманның барлық іс-әрекеттеріне ықпал етеді. Тіпті оның жасаған дұғасының қабыл болуы да оның жеген тамағының адалдығына байланысты екендігін алға тартқан пайғамбар өсиеттері мұсылмандардың кәсіптеріне қаншалықты адал болуы керектігіне жеткілікті себеп саналады.

Шариғатта ғибадат істерімен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Қасиетті аятта: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығыметінен өздеріңе рызық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетесіңдер!» (Жұма сүресі,  10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.

Ислам адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, сол иманның аясында ізгі іс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін табы-пайғамбарлардың жолы. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру -ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» (Бұхари) деген.

Ата-анасын, әйел, бала-шағасын және туыстарын нәпақамен қамтамасыз ету – отағасының міндеті. Әрбір мұсылман оға селқос қарамай, мойнына жүктелген борышын, жауапкершіілкпен орындауы тиіс.

Хакім Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбек етуге. Адал табыс табуға шақырған. Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» дейді.

Демек, адал кәсіп, адалынан ас табу Құдайдың бұйрығы, пайғамбардың өсиеті.

Сондай-ақ, Абдулла бин Омар былай дейді: «Бүкір болғанша намаз оқысаңдар, қылдай болғанша ораза ұстасаңдар, харамнан қашпасаңдар, қабыл болмайды, пайдасы тимейді».

Пайғамбар хадисінде: «Адам баласының жегендерінен ең жақсысы, өз еңбегімен тапқан рыздығы» (Әбу Дәуіт, Ижара, 77) және «Кімде-кім адал тамақ жеп сүннет бойынша амал қылып, басқа адамдарға қиянын тигізбеген болса ол кісі жәннатқа кіреді» (Тирмизи, Сифатул-Қиямет, 60) деп бұйырады.

Ал Құран Кәрімде: «Олай болса, Алланың сендерге рызық ретінде бергендерінен адал және тазасын жеңдер; егер оған құлшылық етсеңдер Алланың нығыметіне шүкірлік етіңдер» (Нахл сүресі, 114) делінеді. Осыған мағыналас ондаған аяттарды келтіруге болады.

Қорыта айтқанда адал рыздық іздеу, адал кәсіп жасау, бала-шағасын адам еңбекпен асырау әрбір мұсылман адам үшін міндет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да біздерге төмендегідей дұға жасауды үйретеді:

«Уа Алла! Маған адал рыздығыңды нәсіп етіп арамдардан сақта! Мені өзіңнен басқаға мұқтаж қыла көрме!» (Тирмизи, Дұғалар, 110)Сондықтан, жемқорлық, парақорлық, масылдық сияқты қоғамдық дерттерден аулақ болуды нәсіп етсін. Бұл болашақ ұрпағымыздың да рухани тазалығына әсер етпек!

  Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,

аудандық мешіттің бас имамы

 

 

ТегтерДін