ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ТАҢДАУ

Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Бұл – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды саяси науқан. Осы күні әрбір азамат өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын танытуда.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми дерегіне сүйенсек, еліміздегі 228 мәслихат бойынша барлығы 3 447 депутаттық мандат сарапқа салынады. Атап айтқанда, 20 облыстық мәслихатта – 668, 38 қалалық мәслихатта – 626, ал 170 аудандық мәслихатта 2 153 мандат қарастырылған.

Аудан аумағындағы 16 сайлау учаскесі де таңғы сағат 07:00-ден бастап өз жұмысын бастады. Оның төртеуі аудан орталығында орналасса, қалған 12-сі ауылдық округтерде жұмыс жасауда. Дауыс берушілерге барлық қажетті жағдай жасалып, сайлау учаскелерінде тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген.

Аудан тұрғындары да саяси науқаннан шет қалмай, сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауда. Дауыс берушілердің белсенділігі – азаматтық жауапкершілік пен ел болашағына деген жанашырлықтың көрінісі.

Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру бүгін кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.