Ауруханада оң серпіліс бар

Халқымыз ежелден-ақ жан мен тәннің саулығын басты орынға қойып, бірінші байлықты денсаулыққа балаған. Өйткені, қарапайым халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз.

Осы орайда ауданымыздағы денсаулық сақтау саласы да жыл сайын жақсы көрсеткіштерге ие болып келеді. Сөзіміздің дәлелі болсын деп, аудандық аурухананың халі мен ақ халатты абзал жандардың тыныс-тіршілігін орталық аурухананың бас дәрігері  Берік Жаржанов баяндап берді.

-«Халық денсаулығы – мемлекеттің байлығы» деп бекер айтпаса керек. Олай болса  аурухананың жалпы тарихына көз жүгіртсек?

— Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.  Осы бағытта аудандық аурухана адамдардың еңбек пен тұрмыс жағдайын жақсарту, аурулардың алдын —  алу, халықтың дене және рухани күшінің жан-жақты дами беруіне қолайлы жағдайлар туғызу, халыққа тегін, жалпыға бірдей, жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуді мақсат етіп келеді.

«Кешегі күн, бүгін тарих дегендей…» сонау 1941 жылы қоныс аударушыларға медициналық қызмет көрсету мақсатында құрылған санитарлық бөлім бүгінгі күні — аудандық аурухана. Облыстағы ең үздік аудандық ауруханалардың бірі. Елу жылда — ел жаңа дегендей қазіргі аудандық аурухананың медициналық — материалдық базасы, жабдықталуы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі жағынан өзгелерге үлгі боларлықтай, аудан тұрғындарына мүлткісіз қызмет етіп келе жатырған медициналық мекеме.

Аурухананың тыныс-тіршілігін баяндап берсеңіз. Қанша бөлім жұмыс істейді?

         — Аудандық ауруханада мамандандырылған амбулаториялы-емханалық, стационарлық медициналық көмек көрсетіледі.  Ауруханада тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсететін 4 бригададан тұратын жедел медициналық көмек бөлімі жұмыс жасайды. Бөлім қажетті құрал-жабдықтар және дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Аудан халқына өткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша медициналық көмекті денсаулық сақтау саласының 15 ұйымы, оның ішінді 1 аурухана, 1 амбулаторлық-емханалық ұйым, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық  пункт көрсетті.

Онда жұмыс жасайтын мамандар саны мен сапасы қандай?

Аудандық аурухана бойынша барлығы 156 медицина қызметкерлері жұмыс жасайды, оның – 40 дәрігерлер болса, 116 орта буын қызметкерлері. Статистикалық көрсеткіштер бойынша 10 мың аудан тұрғынына есептегенде, 2022 жылы – 24,2 құраса, 2023 жылы – 25,8 болса, ол 1,6 % өсіп отыр.  Санатты дәрігерлер — 65 % құрап отыр. Оның ішінде дәрігерлер жоғары санаты бойынша – 30,0 % (12 дәрігер), 1 санаты – 25,0 %(10 дәрігер),екінші санаты – 10,0%(4 дәрігер). Аурухана бюджетінен резидентурада 3 бейінді мамандар, яғни анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог және офтальмолог дәрігерлер білім алуда. Жаңадан келген дәрігерлерге келсек, өткен жылдарға қарағанда 2023 жылы 1 дәрігер және 8 орта буын қызметкерлері жұмысқа алынды. Ауруханада жоғары білікті мамандар жұмыс жасап, әр түрлі лапроскопиялық қиын, күрделі оталар өткізіледі.

-Ауруханадағы стационарлық жағдай қалай?

-Қазіргі уақытта аурухана бойынша стационар алмастырушы технологиялық үрдіс қарастырылуда. Тәуліктік стационардағы керует саны қысқартылып, керісінше, ауруханадағы күндізгі керует саны арттырылып отыр. Бұл өз кезегінде экономикалық жағынан тиімді, әрі, тұрғындар үшін аса қолайлы. Аурухананың  54 керуеттік стационары екі қабатты ғимаратта орналасқан.  Ол 6 бөлім (терапия, хирургия, балалар бөлімі, жұқпалы аурулар бөлімі және перзентхана), қабылдау бөлімі және жедел жәрдем бекетінен тұрады.

                             

Тұрғындар денсаулығы үшін тағы қандай бөлімдер жұмыс жасайды?

Науқастарға профилактикалық, әлеуметтік – психологиялық, кеңестік – диагностикалық және толық көлемде стационарлық медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, сәулелік диагностика, яғни, рентгенологиялық диагностика, флюроография, ультрадыбыстық зерттеу, функционалды диагностикалық кабинеті, физиотерапевт, маммография және эндоскопиялық зерттеу кабинеттері де аудан тұрғындары үшін медициналық қызмет етуде.  Аудандық аурухананың хирургия бөлімі, өз кезегінде науқастарға жалпы хирургия, травматология және ортопедия, гинекология салалары бойынша медициналық көмектерді көрсетеді. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінде 3 оташы (хирург), 2 анестезиолог – реаниматолог қызмет етуде. Және де     перзентхана бөлімінде, перзентханадағы әйелдер мен жаңа туылған балалар акушер-гинеколог дәрігерлер мен неонатолог дәрігердің бақылауында. Аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде 3 акушер – гинеколог қызмет көрсетуде.

         -Ауруханадағы ана мен бала жағдайына тоқталып өтсеңіз?

         — Перзентхана бөлімі мамандандырылған медициналық көмек көрсете алатын, жоғары  білікті мамандармен жинақталған. Ана қауіпсіздігі қағидалары бойынша барлық медицина қызметкерлері оқытылған. Бөлім ана қауіпсіздігі қағидасы бойынша қызмет көрсетеді. Жүкті әйелдерге бұл қағида психопрофилактикалық дайындық қосады. Туу палатасының жағдайы барынша үй жағдайына жақын жасалған. Жүкті және жаңа туылған әйелдер арасында тартымды және достық жағдайы, жақын адамдарымен және медицина қызметкерлерімен эмоционалдық қолдау және т.б. қалыптасқан. Бір палата бір жаңа туған әйелге арналған. Жақын адамдары – күйеуі анасы, құрбысының қатысуымен серіктесіп босану тәжірибеленуде. Балалар бөлімінде ана мен баланың бірлесіп жатуына арналған палаталар бар. Бұл тараптан балалар дәрігерінің басты мақсаты – баланың дұрыс жарасымды дамуы, оның психоэмоционалдық және физикалық денсаулығын сақтау және ауырғаннан кейін қалпына келтіру болып табылады. Балаларды емдеу барысында – заманауи диагностикалық әдістер, ішкі ағзалардың диагностикасы, зертханалық зерттеулердің барлық түрлері қолданылады. Аудандық аурухананың балалар бөлімінде 2 білікті бала дәрігері қызмет етуде.

-Ендігі кезекте жедел жәрдем жайы?

-Жедел жәрдем жұмысы да қарқынды дамып келеді. Ондағы санитарлық автокөліктері қазіргі заманғы медициналық техникалармен жабдықталған. Жедел жәрдемнің фельдшерлері кардиологиялық және реанимациялық және шұғыл көмек көрсету бойынша жоғары деңгейде көмек көрсетеді. Жедел медициналық жәрдем бөлімшесінің пультіне келіп түсетін жедел медициналық жәрдемге шұғыл мұқтаж болғандарға қызмет көрсету іс бойынша 4 бригада қызметкерлері тынымсыз еңбек етуде. Сонымен қатар, барлық дәрігерлік амбулаториялар пен медициналық пункттер де жедел жәрдем автокөлігімен толық қамтамасыз етілген.

— Аудандағы ахуал жайын білдік. Ендеше, ауылдық округтердегі жағдай қалай?

         -Бұл мәселелер де әрқашан басты назарда. Петропавл дәрігерлік амбулаториясына жаңа ғимарат қажет. Сондай-ақ, Әлімбет, Ш.Қалдаяқов, Ащылысай, Қосестек дәрігерлік амбулаторялары күрделі жөндеуден өтті. 2022 жылы Ащылысай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты газбен жылыту жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, аудандық емхананың жанынан жапсырма ғимарат салуға құжаттары дайындалып, биылғы жылы жобалық – сметалық құжаттамасын бекітіп, келесі жылы құрылысы басталады деп жоспарлануда.

-Атқарылған жұмыстарға алып-қосарыңыз болса?

         -Өткен жылда атқарылған жұмыстар аз емес. 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекетік бағдарламасы шеңберінде аудан тұрғындарын скринингтік тексеруден өткізу жүзеге асырылды және алдағы уақытта да қолға алына бермек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Ұлттық иммундау күнтізбесіне» сәйкес  18 жасқа дейінгі балалар 11 жұқпалы дерттен екпе алуда. 2020 жылы аудандық аурухана аудандардың ішінде алғашқылардың бірі болып автобусқа негізделген «Yutong – zk6122H9” маркалы Жылжымалы медициналық кешенін, соңғы 2 жылда 5 жедел медициналық көмек көрсету автокөлігі сатып алынды және 2022 жылы біздің ауруханамызға «JAC» реанимобильді автокөлігі берілді. Өткен жылы 7 медициналық жабдықтар сатып алынып, орнатылды. Олар: ЛОР комбайн, портативті рентгендік диагностикалық аппарат, эндоскопты өңдеуге арналған жуу машинасы, офтальмолог дәрігердің жұмыс орны, бейне-эндоскопиялық жүйе, операциялық шам, термопринтермен жиынтықта отоакустикалық эмиссияны тіркеудің портативті құрылғысы, ауылдық амбулаторияларға қан, зәр анализаторлары алынды,  қышқылдық – сілтілік күй (ҚСК) аппараты. Қышқылдық-Сілтілік күй организмнің ішкі ортасының белсенді реакциясының салыстырмалы тұрақтылығын сақтайтын физика-химиялық, биологиялық және басқа процестердің жиынтығы.

Және де 2023 жылдың қорытындысы бойынша жылжымалы ме­дициналық кешен Қарғалы және Хромтау аудандарының 35 елді мекенінде болып, 5036 адам тексеруден өткізді.  Тұрғындарға 25243 медициналық қызмет көрсетілді, оның ішінде 1721 адам диагностикалық аппараттарымен тексерулерден өтті, 23295  медициналық кеңес берілді, 227 қан, зәр және биохимиялық анализдер алынды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Хромтау ауданының Никельтау, Дөң, Сарысай, Қызылсу мекендерінде тегін медициналық қызмет көрсетті.  Жылжымалы ме­дициналық кешенде 649 адам тексеруден өткізілді. Оның ішінде балалар – 258.

Қарғалы ауданының тұрғындарына профилактикалық медициналық тексеріс жалғасын табады, Хромтау ауданының тұрғындарына да барып, медициналық көмек көрсетілетін болады.

Тағы бір айта кететін жайт, аурухананың ақпараттандыру жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Сонын нәтижесінде, қағазбастылықтан құтылып, толықтай электронды жүйеге ауысты. Тіпті, шалғайдағы ауылдарда орналасқан медициналық мекемелерге де интернет желілері тартылған. Осының нәтижесінде, науқас туралы мәліметті дер кезінде табуға және уақытылы көмек көрсетуге жол ашылды.

«ДамуМед» ақпараттық қосымшасы арқылы тұрғындар дәрігердің қабылдауына интернет арқылы жазыла алады. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтып, дәрігер мен науқастың уақытын тиімді жұмсауына мүмкіндік беріп отыр.

Денсаулық саласы қызметкерлерін қуантқан жаңалықтың бірі — халыққа қызмет көрсетіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі Үкімет тарапынан бағаланып, 2023 жылы дәрігерлер жалақысы орташа есеппен 30 пайызға, орта медицина персоналы мен аурухананың басқа да қызметшілер (жүргізушілер,ұста және т.б.)   жалақысы 20 пайызға өсті.

Жыл сайын медицина қызметкерлеріне Үкімет тарапынан және аудан әкімдігінен қолдау көрсетіліп келеді. Жаңадан жұмысқа келген жас маманға біржолғы жәрдемақы мен үй алуына жеңілдетілген несие беріліп, нәтижесінде  аудан әкімдігі 5 дәрігерге қызметтік үй берді.

-Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Биылғы жылы медициналық көмектің сапасын одан әрі жоғары деңгейге көтеріп,  елеулі жетістіктерге қол жеткізу мақсатында жаңа межелер мен  жоспарлар белгілеп  отырмыз. Осы орайда 2024 жылға 7 медициналық жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Олар: Бейнекольпоскоп, СРАР жаңа туған нәрестелерге арналған аппарат, операциялық үстел, лапароскопиялық тірек, қан мен инфузиялық ерітінділерді жылытуға арналған құрал, дефибрилятор, тіс рентгендік аппараты, портативті 12 арналы сандық электрокардиограф.

Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап «AMANAT» партиясының ұсынысымен Заң жобасы қабылданып, ауылдық жерге жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көмек көрсетілетін болады.

Егемендігімізді алған уақыт ішінде медицина қай жағынан болсын дамып, өрлеу, өркендеу кезеңіне бет алып, материалдық, кадрлық, емдеу жағынан сапалық деңгейге көтерілу үстінде.  Барлық орындалып жатқан жақсылық пен  ашылып жатқан жаңалықтар да адам үшін, оның игілігі үшін жасалуда. Денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды шешудің тиімді жолдарын әлемдік үздік тәжірибені пайдаланып және қазіргі жүйенің оңтайлы жақтарын сақтай отырып, іске асырылатынына кәміл сенемін.

Ендеше, аудандық аурухана қызметкерлері аудан тұрғындарына тәулік бойы сапалы медициналық көмек көрсетуге әрқашанда дайынбыз.

Сұхбаттасқан Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ТегтерДенсаулық