ЕҢБЕК ЕЛЕНГЕН, МЕРЕЙ ӨСКЕН КҮН

Ауданымызда ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлер күніне арналған мерекелік шара кең көлемде аталып өтті.
Ауыл еңбеккерлері мен кәсіп иелерінің басын қосқан мерекелік басқосу адал еңбекті дәріптеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналды.
Салтанатты жиын басталмас бұрын аудандық мәдениет үйінің ауласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған ауданның тоғыз ауылдық округінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысып, өз өнімдерін тұрғындарға ұсынды. Атап айтқанда, саудаға 4 тонна картоп, 600 келі пияз, 400 келі сәбіз, 40 келі табиғи бал, 30-дан астам қаз бен үйрек, сондай-ақ 3 бас шошқа еті, 2 бас сиыр, жылқы және қой еті шығарылды. Бұдан бөлек, сүт өнімдері, үй жағдайында дайындалған түрлі тұздалған көкөністер мен тосаптар да сауда сөрелерінен орын алды. Жергілікті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алған тұрғындар жәрмеңкеге белсенді қатысты.
Ал мәдениет үйінің фойесінде жергілікті жеке кәсіпкерлердің көрмесі ұйымдастырылып, олардың өндіріп отырған өнімдері мен ұсынатын қызмет түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме аудан кәсіпкерлерінің тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашты.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманғос Төлеуов, мекеме басшылары, өңір шаруалары мен кәсіпкерлер қатысты.
Салтанатты кештің шымылдығы домбырашылар ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күймен ашылды. Одан әрі «Ұшқын» халықтық жастар театрының қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тіршілігі мен маңдай терге негізделген еңбегін арқау еткен сахналық көрініс жиналғандарға ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.
Аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының өңір экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ адал еңбектің ел өркендеуіне қосар үлесі зор екенін атап өтіп, барша еңбек адамдарына зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен береке тіледі.
Одан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа Алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.
Ең алдымен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хаты Желтау ауылдық округіндегі «Медовик» шаруа қожалығының басшысы Александр Сенацкийге, Ащылысай ауылдық округіндегі «Тамерлан» шаруа қожалығының механизаторы Мендигали Мухамеджановқа және Желтау ауылдық округіндегі «Интер Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Жаксыбай Ишангалиевке табысталды.
Сондай-ақ, «Қарғалы ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен Бадамша ауылдық округіндегі «Көктем» шаруа қожалығының басшысы, ауыл шаруашылығы саласында 35 жыл еңбек еткен Зайнолла Малдыбаев, Желтау ауылдық округіндегі «Динара» шаруа қожалығының басшысы, еңбек өтілі 17 жылды құрайтын Мұрат Мукушев, Бадамша ауылдық округіндегі «Тамерлан» дүкенінің иесі, зейнеткер Базар Казмагамбетова және Қосестек ауылдық округіндегі «Моя семья» наубайханасының басшысы Наталья Роде марапатталды.
Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Абтиевтің Алғыс хатымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсенді қатысып жүрген Велихов ауылдық округінің өкілі Наталья Айтимова мен Шәмші Қалдаяқов ауылының тұрғыны Дәурен Жаманшалов марапатталды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаевтың Алғыс хаты да бірқатар еңбек адамдары мен кәсіпкерлерге табысталды. Олардың қатарында Қосестек ауылдық округінің малшысы Валерий Бутылкин, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық цехының жұмысшысы Галина Шабалина, Кемпірсай ауылдық округінде «Ленин» колхозы жұмыс істеген кезеңде 30 жылдан астам уақыт сауыншы болып еңбек еткен Елизавета Цызман, Ащылысай ауылдық округіндегі «Белый» шаруа қожалығының басшысы Ольга Белая бар.
Және де «Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қарғалы аудандық ветеринариялық стансасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының міндетін атқарушы Жәнібек Бисенбаев, «Аль-Жан» дүкенінің иесі Гүлнара Жунусова, Ащылысай ауылдық округіндегі «Алдамбаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Баймұрат Алдамбаев, Шәмші Қалдаяқов ауылында жылыжай шаруашылығын дамытып отырған «Елеусизова» ЖК басшысы Гүлнара Елеусизова, «Шаймагамбетова» ЖК басшысы Лилия Шаймагамбетова және «Tami Flowers» гүлдер дүкенінің иесі Санат Тулебаев та марапат төрінен көрінді.
Жиында ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері, «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аманғос Төлеуов те сөз сөйлеп, әріптестеріне ақжарма тілегін жеткізді.
– Бүгін аудан шаруаларының еңбегі бағаланып, құрмет көрсетіліп жатқанына қуаныштымын. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс оңай емес. Десе де, адал еңбек етіп, халыққа қажетті өнім өндіру – әрбіріміздің басты міндетіміз. Биыл да аудан шаруаларының қол жеткізген нәтижелері көңіл қуантады. Еңбек еткен адам әрдайым өз жемісін көреді. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың ауызбіршілігі арта берсін, – деді ол.
Мерекелік басқосуда кәсіпкерлік саласының өкілдеріне де айрықша құрмет көрсетілді. Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов аудан кәсіпкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өңір экономикасын дамытудағы рөліне тоқталды.
Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларының ауыл экономикасын нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Қарғалы ауданының аграрлық әлеуеті жоғары екенін, мұнда еңбекқор шаруалар мен іскер азаматтардың шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға елеулі үлес қосып отырғанын жеткізді. Осы орайда аудан кәсіпкерлеріне жемісті жұмыстары мен өңір дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдіріп, бірқатар кәсіп иелерін Алғыс хатпен марапаттады.
Марапат иелері қатарында «Баймышев» ЖК иесі Аман Баймышев, «Радуга» дүкенінің иесі Мадина Искакова, «Прогресс» ЖК иесі Айсәуле Умаргалиева және «Family» кафесінің шеф-аспазы Бахром Шаматов бар.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әсем ән мен мың бұралған би кеш көркін қыздырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осылайша, мерекелік шарада ауданның ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі лайықты бағаланып, олардың өңір өркендеуіне қосқан үлесі ұлықталды.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА










