ЖАСТАР БОЛАШАҒЫ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

Мейіржан ЖҰБАН,
аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі «Қазақстанның жаңа тарихи циклдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын белсенді жастармен бірге тыңдадық. Президенттің ел дамуының басым бағыттарына тоқталып, білім беру, цифрландыру және жасанды интеллект салаларына ерекше назар аударуы біз үшін маңызды ой салды.
Жолдауда білім беру жүйесін жетілдіру мен өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау мәселелерінің қамтылуы көңілге сенім ұялатады. Соңғы жылдары елімізде 1483 балабақша мен 1342 заманауи мектептің салынуы, 655 мыңнан астам білім грантының бөлінуі – жас буынның білім алуына мүмкіндік беруге бағытталған ауқымды жұмыстардың көрінісі. Бұл бастамалар әрбір жастың өз қабілетін шыңдап, таңдаған мамандығы бойынша дамуына жол ашады.
2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазіргі заманда технологияны меңгеру, цифрлық сауаттылықты арттыру және жаңашылдыққа бейім болу – уақыт талабы. Президенттің «Цифрландыру қымбат бағдарлама сатып алумен шектелмеуі керек» деген сөзі технологияны тек пайдаланып қана қоймай, оны тиімді қолданып, нақты нәтижеге қол жеткізудің маңызын аңғартады. Сондықтан жастар білімін жетілдіріп, заманауи құралдарды игеруге және жаңа идеяларды жүзеге асыруға ұмтылуы қажет.
Менің ойымша, Жолдауда көтерілген міндеттер – жастарға артылған сеніммен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейтін бағыттар. Өйткені елдің ертеңі бүгінгі білімді, ізденімпаз әрі бастамашыл ұрпақтың қолында. Әрқайсымыз өз саламызда адал еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосу арқылы ортақ мақсаттардың орындалуына ықпал ете аламыз.
Бұл Жолдау бізге жаңа білім игеруге, тың бастамаларды қолдауға және өзгерістерге дайын болуға жігер береді. Бастысы – айтылған міндеттерді нақты іспен ұштастырып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу.




