Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады

Фото: Ақорда
Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп жатырмыз. Қазақстан осы мемлекет тарихының мерейлі межесіне қарқынды дамып келе жатқан, әлем қауымдастығының құрметіне ие болған ел ретінде жетіп отыр.
Халқымыз егемендік жылдарында көптеген белесті абыроймен еңсерді. Ұлттық болмысымыздың мызғымас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреді.
Ұлттық қаржы жүйесі құрылды. Мемлекеттік шекарамыз шегенделді.
-Қасиетті Сарыарқаның төрінде, бұрынғы ескі қаланың орнында бүкіл дүние жүзін таңғалдырған, әлем мойындаған жаңа елордамыз – Астананың іргесі қаланды. Біз бірлігімізді бекемдеп, жер жүзіне бейбітшілік бесігі ретінде танылдық,-деді Мемлекет басшысы.
Осыған дейін Президент Республика күнінің қарсаңында ел дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттаған болатын.




