ТЕҢ МҮМКІНДІК – ТАБЫСТЫ КӘСІПТІҢ БАСТАУЫ

«Сенім» отбасын қолдау орталығында «Кәсіпкерліктегі гендерлік мүмкіндіктер: диалог және әріптестік» тақырыбында семинар өтті.

 

Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік саласындағы гендерлік теңдік туралы түсінікті кеңейту, әйелдер мен ерлердің өз әлеуетін жүзеге асыруына тең мүмкіндіктердің маңызын түсіндіру, өзара қолдау мен серіктестікті нығайту.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Берік Даулов, «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Надежда Заглядова, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Жолдас Қарағұлов, мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.

Семинарды «Сенім» отбасын қолдау орталығының директоры Райхан Рахимова ашып, кездесудің өзектілігіне тоқталды. Ол кәсіпкерлікті дамытуда адамның жеке қабілеті мен бастамашылдығын қолдаудың, қоғамда өзара түсіністік пен тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызына назар аударды.

Одан соң аудан әкімінің орынбасары Берік Даулов сөз алып, кәсіпкерліктің экономикалық дамуға ғана емес, халықтың әл-ауқатын арттыруға да ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар іскерлік бастамаларды қолдау, тұрғындардың өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына жағдай жасау және ортақ мақсат жолында ынтымақтастық орнату маңызды екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.

Ал «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Надежда Заглядова қазіргі қоғамдағы гендерлік саясаттың маңызын сөз етті. Оның айтуынша, әйелдер мен ерлердің білім алуға, еңбек етуге, кәсіп ашуға және кәсіби тұрғыдан дамуға тең мүмкіндіктерге ие болуы – қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі. Әр адамның қабілеті мен еңбегіне қарай бағалануы, бастамаларына қолдау көрсетілуі де ерекше мәнге ие.

Кәсіпкерлік бағытындағы мәселелерге аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Жолдас Қарағұлов тоқталды. Ол кәсіп бастау үшін тың идеямен қатар табандылық, жауапкершілік, білім мен тәжірибе қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлік ортада өзара тәжірибе алмасу, әріптестік орнату және жаңа бастамаларға қолдау көрсету табысқа жетудің маңызды тетіктері екенін жеткізді.

Сонымен қатар, семинар барысында «Сенім» отбасын қолдау орталығының заңгері Николай Смолинец гендерлік теңдіктің құқықтық қырларына тоқталып, әйелдер мен ерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін түсіндірді. Құқықтық сауаттылықтың маңызына назар аударып, әр азаматтың өз құқығын білуі және оны заң аясында қорғай алуы қажеттігін атап өтті.

Басқосудың тәжірибелік бөлігін орталық психологы Әсем Алдиярова ұйымдастырды. Қатысушылар «Егер мен бренд болсам…», «Көңілді ассоциация», «Егер мен кәсіпкер болсам…» және «Кәсіпкердің сәттілігі» атты жаттығулар мен шығармашылық тапсырмаларға қатысты. Бұл бөлім семинарға ерекше серпін берді. Танысу жаттығуы арқылы қатысушылар өздерінің жеке қасиеттері мен артықшылықтарын таныстырса, сергіту сәті еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Ал кәсіпкерлікке арналған тапсырмалар барысында олар тың идеяларын ортаға салып, өз қабілеттерін бағамдап, табысқа жету үшін қандай қасиеттер қажет екенін талқылады.

Шығармашылық жұмыстар қатысушылардың кәсіпкерлік ойлауын дамытуға, өзіне деген сенімін арттыруға, бірлесіп шешім қабылдау және өзара қолдау дағдыларын жетілдіруге бағытталды. Әр тапсырма жеке мүмкіндіктерді танып-білуге ғана емес, өзгелердің пікірін тыңдап, ортақ шешімге келудің маңызын түсінуге де ықпал етті.

Семинар қорытындысында кәсіпкерліктегі табыстың басты өлшемі гендерлікке байланысты емес, білімі, біліктілігі, еңбегі мен табандылығы екені айқындалды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерСеминар