ЖІПКЕ ЖАН БІТІРГЕН ШЕБЕР

Өнер – адамның ішкі әлемін сөзсіз сөйлететін тылсым тіл. Біреу оны бояумен өрнектейді, енді бірі әуенмен жеткізеді. Ал кейіпкеріміз Гүлназ Уксукбаева өз ойын ағаш, шеге мен жіптің көмегімен бейнелеп, ұлттық құндылықтарды заманауи өнер тілімен сабақтастырып келеді.
Бала күнгі арманы дәрігер болу еді. Адамдарға, әсіресе балаларға көмектесіп, олардың денсаулығына араша түсуді ойлайтын. Алайда өмір адамға кейде өзі күтпеген жолды ұсынады.
Гүлназ Еркенқызы 1996 жылдың 6 сәуірінде ауданымызға қарасты Ақжайық ауылында дүниеге келген. Еңбекке құрметпен қарайтын, білім мен салт-дәстүрді қадір тұтатын отбасында өскен ол бала кезінен ата-анасының қолдауын сезініп бой жетті. Отбасы берген тәлім оның бойындағы ізденіске, шығармашылыққа деген құштарлықтың қалыптасуына негіз болды.
Әлімбет орта мектебін тәмамдаған соң, ол педагогикалық бағытты таңдады. «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша білім алып, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Бүгінде мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, жас ұрпаққа білім берумен қатар, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосып жүр.
Алайда Гүлназ үшін ұстаздық пен өнер – бір-бірінен бөлек ұғымдар емес. Керісінше, екеуі бірін-бірі толықтырып, оның өмірлік ұстанымына айналған.
Қолөнерден басталған үлкен жол
Оның шығармашылыққа бет бұруына мектеп қабырғасындағы бір кезең айрықша әсер етті. Жоғары сыныптарда қолөнерге деген қызығушылығы оянып, қарапайым материалдардан өз қолымен бұйым жасауға деген ынтасы арта түсті.
Бұл қызығушылықтың қалыптасуына мектептегі ұстазы Наталья Ермолаеваның ықпалы зор болды. Ұстазы оған қолмен жұмыс жасаудың жай ғана тапсырманы орындау емес, адамның қиялын, талғамын, мінезін танытатын шығармашылық екенін сезіндірді.
Содан бастап қолөнер Гүлназ үшін күнделікті сабақтың бір бөлігі ғана емес, өзін танытудың ерекше тәсіліне айналды. Алғашқы жұмыстары бүгінде кәсіби тұрғыдан қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ оның әрқайсысы авторы үшін қымбат. Себебі әрбір жұмыстың артында «Мұны мен өз қолыммен жасадым» деген еңбек пен қуаныш, алғашқы ізденіс пен өзіне деген сенім тұрды.
Шығармашылықтың адамды баурайтын құдіреті де осында шығар. Ойда туған қарапайым идеяның көз алдыңда нақты дүниеге айналуы – суреткерге жаңа дүние жасауға қанат бітіреді.
Ұлттық өнерге жаңаша көзқарас
Уақыт өте келе оның шығармашылық ізденісі ұлттық өнермен астасты. Қазақы ою-өрнек, Ұлы даланың табиғаты, шаңырақ, құс бейнесі, әйел болмысы секілді ұлттық дүниетанымның өзегіндегі образдар оның шығармаларының басты тақырыптарына айналды.
Оның пайымынша, дәстүр – өткеннің қойнауында қалған қатып-семген дүние емес. Ұлттық өнер заманмен бірге тыныстап, жаңа сипатта жалғаса алады.
Сондықтан ол дәстүрлі құндылықтарды сол қалпында қайталаудан гөрі, оларды заманауи көркемдік тәсілдер арқылы жаңаша ұсынуға ұмтылады. Бұл – оның шығармашылық ізденісінің басты бағыты.
Гүлназ Қазақстан Этнодизайнерлер одағының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі. Оның еңбектері халықаралық көрме жобаларында ұсынылып, Алматы қаласында өткен «Nomadic Art» көрмесіне қатысты. Сондай-ақ халықаралық британдық «Golden Time Talent» байқауында топ жарып, бірінші орын иеленді. Бұл жетістік оған Лондон қаласындағы көрмеге қатысуға жол ашты.
Бұл марапаттар – оның шығармашылық жолындағы маңызды белестер. Бірақ кейіпкеріміз үшін ең үлкен жетістік – өзің сүйетін іспен айналысып қана қоймай, сол өнердің өзгелердің жүрегіне жол табуы.
Жіппен өрілген өнер
Гүлназдың шығармашылығын өзгеден даралайтын ерекшеліктің бірі – оның String Art техникасына ден қоюы.
Бір қарағанда, ағаш, шеге мен жіптен тұратын бұл өнер түрі қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда сол қарапайым дүниелердің көмегімен күрделі композиция жасап, тұтас бір ойды жеткізу – шеберлікті, дәлдікті және үлкен төзімділікті қажет етеді.
Шығарма дүниеге келмес бұрын оның идеясы пайда болады. Кейін эскиз әзірленіп, композициясы ойластырылады. Ағаш негіз дайындалып, нүктелер белгіленеді, жүздеген шеге қағылады. Ал содан кейін ғана жіппен жұмыс басталады.
Әр шегенің орны есеппен белгіленіп, әр жіп өз бағытымен тартылады. Бір қарағанда ретсіз орналасқан сызықтардың арасынан біртіндеп бейне пайда болады. Оған осы процестің өзі ерекше әсер береді.
Ол String Art-ты өмірдің өзіне ұқсатады. Жеке тұрған бір нүктенің мәні аз болғанымен, сансыз нүкте бір-бірімен байланысқанда тұтас бейнеге айналады. Адам тағдыры да сондай: бір ғана сәттен емес, сан түрлі оқиғадан, кездесуден, сезім мен естеліктен құралады. Ал мәдениет те ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осындай ұсақ бөлшектердің үлкен тұтастығынан қалыптасады.
Әр туындының өз үні бар
Гүлназдың шығармаларында атаудың да өзіндік орны бар. Өйткені ол үшін шығарма атауы жай ғана белгі емес, туындының ішкі мазмұнын ашатын кілт.
«Дала өрнегі» – Ұлы дала рухы мен ұлттық ою-өрнекке арналған туынды. «Шабыт гүлі» – шығармашылық ойдың бүр жарып, дүниеге келуін бейнелесе, «Өмір мозайкасы» адам өміріндегі сан алуан оқиға мен сезімнің бір арнаға тоғысуын меңзейді.
Ал «Еркін рух» – суретші үшін ерекше мағыналы атау. Ол адамның өз жолын таңдауы, ішкі еркіндігін сақтауы, өз болмысынан қорықпай өмір сүруі туралы ойды білдіреді.
Шығармаларындағы құстардың орны да ерекше. Әсіресе қарлығаш бейнесі оның жүрегіне жақын. Қазақ ұғымында қарлығаш – жақсылықтың, берекенің, туған шаңыраққа оралудың нышаны. Ал Гүлназ үшін ол еркіндік пен үміттің символы.
Оның шығармашылығында ұшу тақырыбының жиі кездесуі де тегін емес. Қанат қаққан құс бейнесі – шексіздікке ұмтылыстың, арманға жетудің, еркіндікке талпыныстың көркем көрінісі.
Ұстаз әрі шебер
Гүлназдың шығармашылығы оның ұстаздық қызметімен де тығыз байланысты.
Көркем еңбек пәнін оқыта отырып, ол оқушыға дайын дүниені жасауды ғана үйретуді мақсат етпейді. Ең бастысы – баланың қиялын ояту, өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беру, еңбектенуге және өз қолымен дүние жасауға баулу. Өзі кезінде ұстазынан шығармашылыққа жол ашатын қолдауды көрсе, бүгінде сол эстафетаны шәкірттеріне жалғастырып келеді.
Бұл тұрғыдан алғанда оның шығармашылығы жеке өнерпаздық шеңберден асып түседі. Ол – кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықты танытудың, өнерді сүюге тәрбиелеудің бір жолы.
Дәстүрдің жаңа тынысы
Қазір Гүлназ заманауи этнодизайн бағытындағы ізденістерін одан әрі жалғастырып келеді. Оның алдағы жоспары – бір-бірінен бөлек шығармалармен шектелмей, ортақ идеяға біріктірілген тұтас сериялар жасау.
Ол үшін қазақ әйелінің бейнесі, ұлттық символика, ою-өрнек, дала табиғаты, рухани мұра және ұрпақтар сабақтастығы – әлі де талай шығармаға арқау болатын тақырыптар.
Болашақта шанырақ, дала, ұлттық өрнек, әйел бейнесі мен құстарды бір композицияда тоғыстырып, өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғайтын мағынасы терең туынды жасауды армандайды.
Гүлназ Уксукбаеваның өнер жолына үңілсеңіз, бір нәрсені анық аңғаруға болады: шығармашылық кейде адам өзі іздеп тапқан жол емес, адамның өзін тауып алатын жол.
Бала күнінде дәрігер болуды армандаған қыз бүгінде адам жанының басқа бір қырын емдейтін өнерге келді. Оның құралы – дәрі емес, жіп. Оның өзегі – қағаз емес, ағаш. Ал оның тілі – ұлттық өрнек пен заманауи ой.
Бір кездері қолөнерге қызыққан мектеп оқушысы бүгінде қазақ өнерін жаңа қырынан танытуға ұмтылған этнодизайнерге айналды. Жіппен жалғанған сансыз нүктеден ол бейне ғана емес, дала рухын, ұлттық болмысты, ұрпақтар сабақтастығын және адам жүрегіндегі еркіндікке деген ұмтылысты өрнектеп келеді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА






