ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ МІНДЕТ

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ауданымыздағы Белсенді өмір сүру орталығында тағылымы мол, жүрекке жылу сыйлаған мерекелік кездесу өтті.

Жүздесуге орталықтың тұрақты қатысушылары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысып, қазыналы қарттардың өнегелі өмірі мен кейінгі буынға айтар ақыл-кеңесі арқау болған мазмұнды басқосудың куәсі болды.

                           

Жиында «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Надежда Заглядова сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ақ тілегін білдірді.

Мерекелік кездесудің мазмұнын аудандық тарихи-өлкетану музейі әзірлеген фото-көрме толықтырды. Музей қызметкері Қымбат Тасымова таныстырған көрмеге әр жылдардағы аудан өмірінен сыр шертетін тарихи фотосуреттер қойылды. Суреттерден түрлі салада еңбек етіп, елдің дамуына өзіндік үлес қосқан жерлестеріміздің өмір жолы мен қажырлы еңбегі көрініс тапты.

Өткен мен бүгінді жалғаған тарихи суреттер орталық қатысушыларының ерекше қызығушылығын оятты. Фотосуреттерден өз замандастары мен таныстарын көрген қариялар өткен күндерді еске алып, естеліктерімен бөлісті. Осылайша, қарапайым суреттердің өзі бір дәуірдің тынысын сездіріп, ұрпақ жадындағы құнды тарихты жаңғыртты.

Қарияны қадірлеу – халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрінде айрықша орын алатын құндылық. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген ұлағатты сөз де аға буынның отбасындағы орнын айшықтай түседі.

– Біздің орталыққа келетін үлкен кісілердің әрқайсысының өзіндік өмір жолы, айтар әңгімесі, кейінгі ұрпаққа берер тағылымы бар. Сондықтан осындай кездесулерді ұйымдастырудың маңызы зор. Қариялардың басын қосып, олардың көңілін көтеру ғана емес, жастарға үлкенді сыйлаудың, ізеттілік пен адамгершіліктің мәнін көрсету – біздің басты мақсатымыздың бірі. Қарттардың ақылы мен батасын алып, олардың өнегесін кейінгі буынға жеткізу – баршамызға ортақ міндет, – дейді орталық жетекшісі Гүлмира Есенаманова.

Мерекелік жүздесудің жалғасы аудандық балалар өнер мектебі ұстаздары мен оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты. Жас өнерпаздар әсем ән шырқап, музыкалық шығармалар орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерпаздардың әрбір өнер көрсетуі қариялардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Кеш соңында орталық қатысушылары мерекелік шараны ұйымдастырушыларға, өнер көрсеткен ұстаздар мен оқушыларға ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер ізгі тілектерін арнады.

Алина МУХАМЕДИЯРОВА

ТегтерТағылым