Басты ұстаным – ашықтық, адалдық, қызмет алушыға бағдарлану
Талант МЕДЕТ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өткен жылғы барлық бастамалары Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында адами ресурстарды басқарудың заманауи құралдарын қолданатын арнайы HR институты құрылса, Академияның облыстық филиалында адами ресурстарды дамыту орталығы іске қосылды.
Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру бағыттарында іске асырылған тікелей тағайындау мүмкіндіктеріне сәйкес жоғары оқу орнын бітірген 100-ден астам түлек республика деңгейінде конкурстан тыс аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға тағайындалса, соның 8-і облысымыздың ауылдық, аудандық дәрежедегі мемлекеттік органдарында қызмет етуде.
Осы жерде, жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту жұмыстарының жалғасатынын атап өткім келеді. Биыл алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілетін болады. Іріктеу 7 салалық бағыт бойынша өтеді және іріктеуге 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатыса алады.
«Е-Qyzmet» жүйесі арқылы 6 мемлекеттік органда өткен мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа пилоттық жобасының сәтті жүзеге асырылғандығын айта кету керек. Олар Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері.
Осы мемлекеттік органдарда жаңа жүйемен қызметке 650-ден астам адам қабылданса, конкурстарға қатысқан үміткерлердің саны 5800-ді құрап отыр. Бұл жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Биыл жаңа іріктеу жүйесі Ақтөбе облысының мемлекеттік органдарында да енгізілетін болады.
«Е-Qyzmet» — те барлық маңызды ақпараттық жүйелермен интеграция жүргізілді. Нәтижесінде өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге заң бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау процесстері автоматтандырылды.
Сонымен бірге, «Е-қызмет» жүйесінің 24 модулі жаңартылды, оның ішінде «Тәртіптік бақылау», «Бағалау», «Іс-сапарлар», «Тағылымдама», «Оқыту» модульдері бар. Жүйеге барлық мемлекеттік органдар туралы толық ақпарат енгізілді. Қазіргі уақытта жүйені пайдаланушылар саны республика деңгейінде 88 мыңға жуық мемлекеттік қызметшіні құрайды.
Мемлекеттік қызметте қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды. Атап айтқанда, басқа өңірлерге ротацияланатын мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлемдер енгізілді. Икемді кестелерді қолдану және қашықтықтан жұмыс істеу Ережесі бекітілді, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидалары бекітіліп, «келісімшарттық қызметшілер» институты енгізілді.
Мемлекеттік қызмет саласын бақылау функциясы аясында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Департаментпен 20 мемлекеттік органда жұмыс уақытының сақталуына мониторинг және 20 органда постмониторинг жүргізілді, оның нәтижесімен жұмыстан тыс уақытта қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілерге қосымша демалыс уақытын беру бойынша ұсыныстар енгізілді.
Сондай-ақ, 2023 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 13 отырысы өтіп, онда 70 мәселе қаралды. Олардың 54% профилактикалық сипатта және әдеп бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.
Агенттікпен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне түсіндірмелер әзірленді. Олар Кодекстің нормаларын тәжірибеде қолдану барысында дұрыс түсінуге бағытталған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құмар ойын мекемелеріне бару фактілеріне орай қоғам тарапынан сыни пікірлер мен наразылықтар туындап жататындықтан өткен жылы Әдеп кодексіне мемлекеттік қызметшілерді құмар ойын мекемелеріне барудан тартынуға ынталандыру бойынша түзетулер енгізілгенін атап өту қажет.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жүргізу бағытында 2023 жылы 33 бақылау шаралары жүргізіліп, 323 құқық бұзушылық анықталды. Департаментке түскен арыз-шағымдары тексеру жүргізу арқылы қарау нәтижесінде 15 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету үрдістерін жетілдіру мақсатында Агенттікпен жүргізілген талдаудың нәтижесінде республика деңгейінде «электрондық үкімет» порталында жұмыс істемей тұрған 40 мемлекеттік қызмет анықталды. Қазіргі уақытта олардың 14-і іске қосылды, қалған 26 мемлекеттік қызметті іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 16 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды, 10 мемлекеттік қызметті көрсету барысында заңнамаларда кездесетін қайшылықтар жойылды.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағыты бойынша республика деңгейінде 550-ден астам бюрократиялық кейстер әзірленсе, облысымыздың мемлекеттік органдарымен бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде бюрократиядан арылту мәселесіне қатысты жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 46 ұсыныс және талдау нәтижелері бойынша 20 ұсыныс енгізілді. Биыл көлік, өнеркәсіп және құрылыс салаларында бюрократиядан арылту бойынша талдау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Қорыта келгенде, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша заң шығарушылық қызметті күшейту, жастарды мемлекеттік қызметке тарту және одан әрі цифрландыру процестерін жетілдіру жұмыстары биыл да жалғасатын болады.