ӘКЕ ӨНЕГЕСІ – БАЛА БАҒДАРЫ

Отбасының берік іргетасы мен бала тәрбиесінің тұтастығында әкенің орны айрықша. Әке – шаңырақтың сүйеніші ғана емес, ұрпаққа жауапкершілік пен еңбекқорлықты, сабыр мен азаматтықты үйрететін тұлға. Баланың әкесімен ашық сөйлесіп, бірге уақыт өткізуі оның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына да оң ықпал етеді.

Осы орайда әке мен бала арасындағы байланысты нығайтып, тағылымды әңгімеге жол ашатын тәрбиелік кездесу отбасы күні аясында Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында өтті.

Аталмыш білім ордасының 5-сынып оқушылары мен Әкелер клубының мүшелері арасында «Әке мен бала: бір жүрек, бір мақсат» атты тағылымды кездесу өтті.

Мазмұнды басқосуға Нұрлыбек Унербаев, Ернар Дабылдин, Мейіржан Жұбан, Талғат Сатыбалдин, Арман Искаков, Дмитрий Березюк есімді белсенді әкелер қатысты.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, балалар өздерін қызықтырған сауалдарын ортаға салды. Әкелер өздерінің балалық шағындағы естеліктерімен бөлісіп, өмір жолында жинақтаған тәжірибелерін жас ұрпаққа әңгімелеп берді. Әңгіме барысында әртүрлі өмірлік жағдаяттар талқыланып, олардан шығудың тиімді жолдары қарастырылды. Еркін пікір алмасу балаларға үлкендердің өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарын жақынырақ тануға мүмкіндік берді.

Басқосудың мәнін арттырған жайт – әкелердің өз ұлдарымен бірге белсенді қатысуы. Әкелер балаларына қолдау білдіре отырып, ер азаматқа тән жауапкершілік пен қамқорлықтың, сыйластық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Мұндай сәттер баланың әкесін тек отбасы мүшесі ретінде емес, ақылшы, сырлас әрі өмір жолындағы бағыт беруші тұлға ретінде қабылдауына ықпал етеді.

Іс-шараның ашылуында мектеп директоры Рита Шаметова құттықтау сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігіне тоқталды. Ол әкенің отбасыдағы беделі мен күнделікті өнегесі баланың мінез-құлқына, дүниетанымына және өмірлік құндылықтарының қалыптасуына әсер ететінін атап өтті.

Кездесу барысында тәрбиелік мазмұн өнермен де сабақтасты. Жас маман, музыка пәнінің мұғалімі Әмірхан Оразбаев  орындаған «Әке туралы» әні көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлап, әке мен бала арасындағы ыстық байланысты әсерлі жеткізді.

Жиын соңында мектеп өміріне белсенді араласып, іс-шараға қолдау көрсеткен әкелер мен олардың балаларына алғыс хаттар табысталды.

Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында өткен бұл кездесу де әке мен бала арасындағы байланысты бекемдеп, үлкен мен кіші арасындағы ашық әңгімеге жол ашқан тағылымды басқосуға айналды.

Осындай мазмұнды шаралар отбасылық құндылықтарды дәріптеп, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қоса бермек.

Жұлдыз КЕНЖЕ