ӘУЕНМЕН ОРАЛҒАН ЖАСТЫҚ ШАҚ

Петропавл ауылдық клубында 80-90 жылдардағы қайталанбас музыкалық дәуірдің атмосферасын қайта жаңғыртқан «Ретро Диско» кеші өтті.

Мәдениет ошағының ұжымы әзірлеген мерекелік басқосу ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көпшілікке жастық шақтың жарқын сәттерін еске алуға мүмкіндік берді.

Кештің басты мақсаты – ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып, көпшілікті ортақ ортаға біріктірумен қатар, өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы ән мен бидің өзіндік ерекшелігін дәріптеу болды.

– Ретро кешті ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – тұрғындарға жақсы көңіл күй сыйлап, жастық шақтың әсем естеліктерін қайта жаңғырту. Ән мен әуеннің адамды біріктіретін ерекше күші бар. Сондықтан осындай мәдени шаралар арқылы ауыл тұрғындарының басын қосып, бірге көңіл көтеріп, еркін араласуына жағдай жасағымыз келеді. Кешке қатысқан тұрғындардың белсенділігі мен жылы лебіздері біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Петропавл ауылдық клубының меңгерушісі Гаухар Қуанова.

Осыған орай клуб залы ретро дәуірдің тынысын сезіндіретіндей ерекше безендіріліп, сол кезеңге тән сән үлгілері мен әуезді әндер кеш қонақтарын өткен күндерге жетелегендей әсер қалдырды. Көпшілік таныс әуендерді тыңдап, жастық шағындағы естеліктерімен бөлісті.

Бағдарлама барысында ретро әндер шырқалып, әуезді музыкаға ілескен тұрғындар би алаңына жиналды. Сонымен қатар сол кезеңдегі көңілді ойындар мен түрлі байқаулар ұйымдастырылып, кеш қонақтары белсенділік танытты. Қатысушылар арасында қызықты сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар мен ерекше белсенділік танытқандарға естелік сыйлықтар табысталды.

Кештің сәнін келтірген ән мен биден бөлек, еркін әңгіме мен көтеріңкі көңіл күй де басқосудың ажырамас бөлігіне айналды. Әртүрлі буын өкілдері бір ортада бас қосып, естеліктерін ортаға салды. Осылайша мәдени шара ауыл тұрғындарының өзара араласуына, жақсы қарым-қатынастың нығая түсуіне ықпал етті.

Кеш соңында ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Көпшілік мұндай басқосулардың күнделікті тірліктен бір сәт сергіп, жақсы көңіл күймен тынығуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Петропавл ауылдық клубының ұжымына алғыстарын білдірген тұрғындар ауылда осындай мазмұнды мәдени кештердің жиі ұйымдастырылуына тілектестік білдірді.

 

Жұлдыз КЕНЖЕ