ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖЕТІ ҚЫРЫНА САЯХАТ

Туған өлкенің тарихын тану – өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Ол – елдің өткені мен бүгінін сабақтастырып, өскелең ұрпақтың бойына туған өлке алдындағы жауапкершілік пен елжандылық қасиетті сіңірудің маңызды жолы.
Осы мақсатта ауданымызда жастардың туған жерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жас патриот» әлеуметтік жобасы аясында «Жеті керемет» атты тағылымды шара өтті.
Шара барысында аудан жастары өңірдің тарихи-мәдени және табиғи нысандарын аралап, туған өлкенің шежіресіне қанықты.
Экскурсияның алғашқы бағыты – тарихы терең Қызылтам кесенесінен басталды. Жастар көне нысанның тарихымен танысып, атадан балаға жеткен рухани мұраның қадір-қасиеті жайында мағлұмат алды. Мұндай тарихи орындар – өткен дәуірдің үнін бүгінгі ұрпаққа жеткізетін құнды жәдігерлер.
Сапар бұдан әрі Қарғалы су қоймасына ұласты. Ауданның ажарлы табиғатын тамашалаған жастар туған өлкенің көркем келбетімен қатар, табиғи байлықтарды ұқыпты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызын сөз етті. Табиғатты аялау – туған жерді құрметтеудің бір көрінісі екені айтылды.
Келесі аялдама ел тарихында өзіндік орны бар Сәрке батыр ескерткіші болды. Жастар батырдың ел қорғаудағы ерлігі мен тарихи тұлға ретіндегі тағылымы туралы тың деректермен танысты. Өткеннің өнегесін зерделеу арқылы жас буын ел бірлігі мен жер тұтастығының қадірін тереңірек түсіне түсті.
Экскурсия бағыты Мылқау ауылында жалғасын тапты. Қатысушылар елді мекеннің тарихы мен өзіндік ерекшелігіне назар аударып, туған өлкенің әрбір ауылында өзіндік шежіре, сыр мен тағылым жатқанын аңғарды.
Бір күнге жалғасқан танымдық сапар жастар үшін тарихи орындарды аралаумен ғана шектелмей, туған жерге жаңаша көзқарас қалыптастыратын мазмұнды саяхатқа айналды. Себебі өз өлкесінің тарихын білген жас оның әрбір ескерткішін, әрбір табиғи нысанын және әрбір тарихи ізін құрметтей алады.
«Жеті керемет» экскурсиясы – жастардың туған өлке тарихына қызығушылығын оятып, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге және патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Шара соңында экскурсияға белсенді қатысқан жастарға «Қарғалының жеті кереметі» арнайы сыйлығы табысталып, естелік тартулар ұсынылды.
Туған жердің тарихын тану – ел тарихын танудың бастауы. Ал сол тарихты жас ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы тағылымды бастамалар өңір жастарының туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың бойындағы елжандылық сезімді нығайта түсері сөзсіз.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА





