ОТБАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Биыл елімізде 7-13 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтуде.

Апталықтың басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, жанұяның қоғамдағы рөлін арттыруға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.

Апталық бағдарламасында отбасылық өмірдің маңызды қырларына басымдық берілген. Атап айтқанда, ұрпақтар сабақтастығы, шаңырақ көтеруге саналы түрде дайындалу, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, жанұядағы береке-бірлік, ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі сынды өзекті мәселелер қамтылуда.

Бұл бастама ауданымызда да кеңінен қолдау тауып, мазмұнды шаралармен жалғасын табуда. Білім беру ұйымдарында тәрбие сағаттары өткізіліп, түрлі челлендждер мен спорттық сайыстар ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың санасына отбасының адам өміріндегі айрықша орнын сіңіріп, жанұялық құндылықтарға деген құрметін арттыру.

   

Апталық аясындағы маңызды басқосулардың бірі «Сенім» отбасын қолдау орталығында «Отбасындағы татулық – қоғам тұрақтылығы» тақырыбында өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рамазан Ногуманов, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зейнелғабдин Дербиспаев, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша «Аққу» дағдарыс орталығының директоры Адемау Байменшина, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Жайнагүл Мұханбетжанова арнайы шақырылды.

Кездесу барысында жастар мен жас отбасылардың қатысуымен ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Әңгіме өзегіне берекелі жанұяның негізі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен түсіністік, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі, сондай-ақ шаңырақтағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыру мәселелері арқау болды.

Жиынның тағылымды тұсының бірі – ұзақ жылдар бойы отбасылық өмірдің өнегесін көрсетіп келе жатқан аға буын өкілдерімен жүздесу. Өнегелі шаңырақ иелері өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас жұбайларға жанұяның берік болуы үшін сабырлылық, өзара құрмет, түсіністік пен қолдаудың маңызы зор екенін жеткізді. Шара барысында шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген жас жұпқа да ерекше құрмет көрсетіліп, ақжолтай тілектер айтылды.

Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, отбасы беріктігін сақтаудың тиімді жолдары жөнінде ой бөлісті. Мұндай ашық алаңдардың әсіресе жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Себебі өмірден көргені мол аға буынның ақыл-кеңесі жас отбасыларға ерлі-зайыптылық міндет пен жауапкершілікті терең түсінуге, өзара сыйластық пен қолдаудың қадірін бағалауға бағыт береді.

Айта кетейік, апталық аясында әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен жалпыұлттық #Otbasym2026 челленджі де ұйымдастырылуда. Игі бастаманың мақсаты – отбасылық дәстүрлерді, жақын жандармен бірге өткізілген мазмұнды сәттерді, ата-ана мен бала арасындағы жылы қарым-қатынасты көпшілікке насихаттап, жанұялық құндылықтарды кеңінен дәріптеу.

Жұлдыз КЕНЖЕ