ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА – ЖАҢА НЫСАН, ХАЛЫҚҚА – ЖАҢА МҮМКІНДІК

Сәрсенбінің сәтті күні аудан тұрғындары үшін сүйінші жаңалықпен басталды. Аудандық емхана жанынан бой көтерген төрт қабатты жапсарлас ғимарат салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Заманауи талаптарға сай жасақталған жаңа нысан медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Аудан орталығындағы емхана ғимараты 1971 жылы салынған. Нысанға 2010 жылы типтік күрделі жөндеу жүргізілген. Бүгінде мұнда 79 қызметкер, оның ішінде 73 медицина маманы еңбек етеді. Уақыт талабына сай медициналық қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейту мақсатында емханаға жапсарлас жаңа ғимарат салу қажеттілігі туындаған.
Осы мақсаттағы ауқымды жобаның құрылысы 2025 жылдың маусым айында басталып, жоспарланған мерзімге сәйкес аяқталды. Нәтижесінде аудан тұрғындарының игілігіне клинико-диагностикалық бөлімше орналасқан жаңа төрт қабатты ғимарат ұсынылып отыр.
Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев тұрғындарды айтулы жаңалықпен құттықтап, лебізін білдірді.
– Халық игілігі үшін бұл жобаны ұсынған болатынбыз. Оны жүзеге асыруға сол кездегі аудандық аурухана басшысы қызметін атқарған Берік Жаржанов пен ел ағаларының ұсыныстары негіз болды. Нәтижесінде ғимарат құрылысы қолға алынды. Аудандық емхананың жанынан салынған төрт қабатты жапсарлас ғимараттың құрылысы өткен жылдың маусым айында басталып, жоспарланған мерзімге сәйкес аяқталды. Бүгін жаңа клинико-диагностикалық бөлімше ел игілігіне беріліп отыр. Ғимарат заманауи талаптарға сай жасақталған. Ең бастысы – алдағы уақытта бұл нысан аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп, олардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттырады деп сенеміз, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудан әкімі жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыстық денсаулық сақтау және құрылыс басқармаларының басшыларына, ел азаматтарына, медицина қызметкерлеріне және құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме – «Аймар Строй Сервис» ЖШС басшылығына алғысын білдірді.
– Құрылыс жұмыстары уақытылы жүргізіліп, нәтижесінде нысан тұрғындар игілігіне тапсырылып отыр. Бұл – ортақ жұмыстың, ел бірлігінің нәтижесі. Ауызбіршілігіміз артып, медицина саласының қызметкерлері тұрғындардың алғысына бөлене берсін, – деді ол.
Одан соң салтанатты шараға арнайы қатысқан Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтады. Ол денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, жаңа ғимараттың халық игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Ауданның әлеуметтік бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп, елдік істердің
жанынан табылып жүрген «Степное» ЖШС басшысы, Қазақстан Республикасының «Еңбек Ері» Аманғос Төлеуов те сөз алып, жаңа нысанның маңызына тоқталды.
– Бүгін ауданымыз үшін ерекше күн. Денсаулық сақтау саласына мұндай ғимараттың қажеттілігі зор. Оның аудан орталығында бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік алып отырғаны – үлкен қуаныш. Біздің Степной ауылдық округінде де жаңа амбулаторияның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл да ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалық. Осы орайда Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасына, аудан әкіміне ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әл-ауқатын арттырумен қатар, білім мен денсаулық сақтау салаларына баса назар аударып келеді. Бүгінгі жаңа нысан – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі, – деді ол.
Жұртшылық асыға күткен жаңа ғимараттың ашылу рәсімінде лентаны «Степное» ЖШС басшысы, Қазақстан Республикасының «Еңбек Ері» Аманғос Төлеуов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зейнелғабдин Дербиспаев қиды.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсімінен кейін шараға қатысқан қонақтар нысанның ішін аралап, жасақталған кабинеттермен танысты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимараттың мүмкіндіктері көрсетіліп, медициналық қызмет көрсетуге арналған жаңа кабинеттер таныстырылды.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының әннен шашу шашуымен жалғасып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Төрт қабатты жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі – ауданның медициналық инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы маңызды қадам. Клинико-диагностикалық бөлімшенің ашылуы тұрғындардың қажетті медициналық көмекті уақытылы алуына, диагностикалық қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ел игілігіне бағытталған әрбір бастама – халықтың ертеңіне жасалған инвестиция. Ал бүгін есігін айқара ашқан жаңа медициналық нысан аудан тұрғындарының денсаулығын қорғап, ақ халатты абзал жандардың сапалы қызмет көрсетуіне жаңа мүмкіндік беретін құтты мекен болмақ.
Камшат БАЙХАНОВА










