ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

Ауданымызға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілмановтың жетекшілігімен облыстық ақпараттық-насихат тобы жұмыс сапарымен келді.

Жүздесу мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын зерделеу, халықпен тікелей байланыс орнату, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және әдеп талаптарын сақтауына назар аудару, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды пысықтау.

Жұмыс тобының құрамында мемлекеттік қызмет ардагері Серік Ботағарин, «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі, қоғам белсендісі Әсел Мұстафина және әлеуметтік жобаларды ұйымдастырушы Нұржан Шаңғытбаев болды.

Сапар барысында алдымен топ мүшелері Қосестек ауылдық округі әкімі Гүлжан Досмағамбетова басшылық ететін әкімдік ұжымының жұмысымен танысты. Мұнда мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі, азаматтарға қолайлы жағдай жасау, ашықтық пен адалдық қағидаттарын сақтау бағытындағы жұмыстар сараланды. Сонымен қатар тұрғындардың өтініш-тілектерін қарау, халықпен кері байланысты нығайту және мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Одан соң аудан орталығындағы мәдениет үйінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудандық форум ұйымдастырылып, оған 200-ден астам адам қатысты. «Ашық диалог» форматында өткен жиынға ардагерлер мен қоғам белсенділері, жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, депутаттар және кәсіпкерлік қауымдастық мүшелері мен аудан тұрғындары  қатысты.

Басқосуда ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Сондай-ақ, форум барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру, мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтық бақылауды күшейту мәселелері қозғалды. Жиында жұмыс тобының мүшелері қоғамдағы адалдық құндылығын орнықтырудың, мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде аудан тұрғындары да өзекті мәселелерін ашық жеткізіп, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту бағытында бірқатар ұсыныстарын білдірді. Көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешудің тиімді тетіктері қарастырылды.

Жұмыс сапары барысында аудан тұрғындары үшін арнайы қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, азаматтарға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізуге мүмкіндік берілді. Қабылдауда мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, әлеуметтік қолдау шаралары және аудан көлеміндегі басқа да өзекті мәселелер бойынша өтініштер қаралды. Әрбір азаматтың мәселесіне заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме беріліп, тиісті шешу жолдары ұсынылды.

Сонымен қатар, аудан активімен де кездесу өткізіп, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заңнамаға сәйкес енгізілетін өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметті халыққа барынша бағдарланған сервистік модельге көшіру, мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыру және кадрлық үдерістерді толық цифрландыру бағыттарына басымдық берілетіні айтылды.

Кездесуде қызметтік әдеп нормаларын сақтау, адалдық мәдениетін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне де ерекше мән берілді. Мемлекеттік қызмет ардагері Серік Ботағарин саладағы көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік қызметшінің бойында адалдық, отансүйгіштік, жауапкершілік пен тәртіп секілді қасиеттердің орны ерекше екенін атап өтті.

Облыстық ақпараттық-насихат тобының ауданымызға жасаған жұмыс сапары аясындағы кездесулер мен қабылдаулар мемлекеттік қызметтің сапасын арттырумен қатар, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталды.

Қарғалы-АҚПАРАТ