АЛТЫН ҚАЗЫНА – АНА ТІЛІНЕ ҚҰРМЕТ

Жыл сайын 5 қыркүйекте елімізде Қазақстан халқының тілдері күні аталып өтеді.

Бұл күннің ұлт ұстазы, қазақтың көрнекті ағартушысы, тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысуының өзіндік мәні бар. Сондықтан айтулы дата – ана тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеп, ұлттық тілге деген құрметті арттыруға үндейтін маңызды күндердің бірі.

Осы мерейлі күнге орай аудандық кітапханада «Ана тілі – алтын қазына» атты тағылымды кеш ұйымдастырылды. Тіл мерекесі орталық кітапхананың жаз бойы жүзеге асырған «Библиоарбат» маусымдық жобасының қорытынды іс-шарасымен сабақтасты.

                                   

Жастар мен тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды, оқырман мен әдебиетті жақындастыруды мақсат еткен «Библиоарбат» жобасы жаз бойы мазмұнды кездесулер мен танымдық шараларға ұласты. Ашық аспан астында өткен жүздесулер тұрғындарға кітап әлеміне жақынырақ үңіліп, әдебиет төңірегінде еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жобаның қорытынды кешін өткізуге аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығы қолдау көрсетті.

Кеш барысында тіл мерекесінің мазмұны ұлттық рухпен сабақтасты. Кітапхана қызметкерлері  қазақ халқының рухани өмірінде айрықша орны бар Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен ғылыми-шығармашылық мұрасын кеңінен таныстырды. Ұлт ұстазының қазақ әліпбиін қалыптастыруға, тіл білімінің негізін қалауға қосқан өлшеусіз еңбегі туралы тағылымды деректер ұсынылды.

Көпшілікке танымдық мазмұн ұсынған шараның тағы бір ерекшелігі – қазақ тілі, тіл тарихы мен ұлттық құндылықтарға арналған «Kahoot» интеллектуалды ойынының ұйымдастырылуы. Білімін сынап, зеректігін танытқан қатысушылар түрлі сауалдарға жауап беріп, ана тіліне қатысты таным-түсінігін ортаға салды.

Мерекелік кеште кітап оқуды насихаттаған «Библиоарбат» жобасының белсенді қатысушылары да назардан тыс қалмады. №2 Бадамша орта мектебінің «Димаш» ұжымының шәкірттері, «Жастар», «Замандастар» топтары, сондай-ақ Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы мен «Балапан» балабақшасының бүлдіршіндері марапатталды.

Сондай-ақ, оқуға деген ықыласымен өзгелерге үлгі болған ауданның үздік кітапсүйер оқырмандары Ару Бекболат, Жандая Сағитжан және Есет Әлімжанға да арнайы алғыс хаттар табысталды.

Рухани мазмұнға бай кештің көркін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары келтіріп, ән мен жырдан шашу шашты. Кітап пен тілдің қадірін ұлықтаған мазмұнды басқосу қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жүрекке жылу ұялатты.

Бақыт ИМАШЕВ