ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ – ЖАҢА БЕЛЕСТЕР БАСТАУЫ

Жаңа оқу жылының алғашқы күні еліміздің барлық білім беру ұйымдарында салтанатты түрде аталып өтті.
Бұл – ұстаз бен шәкіртті, ата-ана мен мектепті ортақ қуанышқа бөлейтін, білімге бастар жаңа кезеңнің шымылдығын ашатын ерекше күн. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін оның орны бөлек. Алғашқы қоңыраудың сыңғырымен бірге олардың өмірінде ізденіс пен танымға, арман мен мақсатқа толы жаңа белес басталады.
Ауданымыздағы білім ошақтары да мерекелік сәнге бөленіп, мектеп аулалары шәкірттердің шат күлкісі мен ұстаздардың ізгі тілегіне толды. Жазғы демалыстан оралған оқушылар ұстаздарымен, сыныптастарымен қайта қауышса, бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндер білім ордасына алғаш қадам басты.
Білім күні – әрине, бірінші сынып оқушылары үшін ерекше толқынысқа толы сәт. Кеше ғана балабақшамен қоштасқан бүлдіршіндер бүгін қолдарына гүл ұстап, мектеп партасына қарай алғашқы қадамдарын жасады. Ақ бантик пен балғын күлкі, бала көңілдегі үлкен арман мен ата-ананың ақ тілегі мерекенің шырайын аша түсті.
Осы орайда аудан орталығындағы №2 Бадамша орта мектебінде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында Білім күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға білім саласының ардагерлері, прокуратура, полиция, қорғаныс және төтенше жағдайлар салаларының, сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары арнайы қатысты. Қонақтар жас ұрпаққа ізгі тілектерін арнап, сапалы білім алып, елдің ертеңіне қызмет ететін саналы да жауапты азамат болып қалыптасуларына тілектестік білдірді.
Салтанатты жиында мектеп директоры Айна Дюсекова ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өз сөзінде білім мен тәрбиенің жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуындағы маңызына тоқталып, шәкірттерді ізденімпаздыққа, білімге құштарлыққа, елжандылық пен жауапкершілікке үндеді. Педагогтерге қажырлы еңбектеріне толайым табыс, ал оқушыларға жаңа оқу жылында биік жетістіктер тіледі.
Биыл №2 Бадамша орта мектебінің табалдырығын 42 бүлдіршін алғаш рет аттады. Олар үшін сыңғырлаған алғашқы қоңырау білім әлеміне жол ашқан ерекше сәтке айналды. Мектеппен алғаш қауышқан балғындардың жүзіндегі қуаныш пен толқу, ата-аналардың жүрекжарды тілегі мен ұстаздардың мейірімі мерекеге айрықша жылылық сыйлады. Енді олардың алдында әріп танып, кітаппен достасып, жаңа ортаны танып-білуге бастайтын қызықты да жауапты кезең тұр.
Жаңа оқу жылының алғашқы күні ауданның барлық білім беру ұйымдарында «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өткізілді. Танымдық сабақтарда оқушыларға Ата Заңның мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріліп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі, ел бірлігі және қоғамдық жауапкершілік құндылықтары кеңінен насихатталды. Сонымен бірге жас ұрпақтың бойында адалдық, отансүйгіштік, білімге ұмтылыс пен ел алдындағы жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға мән берілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда ауданымызда 12 жалпы білім беретін мектеп бар. 2026–2027 оқу жылында аудан мектептерінің бірінші сыныбына 207 бала қабылданды.
Білім – жеке адамның ғана емес, тұтас елдің өркендеуіне жол ашатын басты құндылық. Мектеп қабырғасында алған тәлім мен терең білім жас ұрпақтың болашақ бағдарын айқындап, ел дамуына үлес қосар саналы азамат болып қалыптасуына негіз қалайды. Сондықтан алғашқы қоңыраудың сыңғыры – кезекті оқу жылының басталғанын білдіретін үн ғана емес, жаңа мақсаттарға жетелейтін үміт пен ізденістің нышаны.
Жұлдыз КЕНЖЕ






