ШӨП – ҚЫСТЫҢ ҚАМЫ

Қыс қамын жаздан ойлаған елдің берекесі де бекем. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары үшін қыстық жем-шөп қорын уақытылы жинақтау – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде аудан көлемінде қызу жүріп жатқан шөп шабу науқаны осы мақсатқа бағытталған. Бұған дейін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тимур Абдуллинмен байланысып, аудандағы мал азығын дайындау барысын баяндаған едік. Осы жолы науқанның бел ортасында жүрген ауылдық округтердің жұмысымен танысу мақсатында Әлімбет ауылдық округіне назар аудардық.

Округтегі шөп шабу жұмыстарының барысы жөнінде Әлімбет ауылдық округі аппаратының бас маманы Алтынай Аймағанбетовамен хабарласып мән-жайды білген едік.

Оның айтуынша, биыл округ бойынша шөп дайындау науқанына 11 шаруа қожалығы мен 1 ЖШС-і белсене қатысып, жұмыстарға 13 түрлі техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда жоспарланған 2000 тонна қыстық мал азығының 50 пайызы шабылып, қыстақтарға тасымалданған.

Қыстық азықты дер кезінде қамдау – малдың күйін сақтап, шаруашылықтың алдағы кезеңдегі жұмысын тұрақты жүргізудің негізгі шарттарының бірі. Сондықтан шаруалар ауа райының қолайлы күндерін тиімді пайдаланып, шабылған шөпті қыстақтарға жеткізуге күш салуда.

Шөп жинау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін округтегі әлеуметтік осал топтарға да көмек көрсету жоспарланып отыр. Бұл – ауыл азаматтарының елді мекендегі өзара қолдау мен жанашырлықты басты назарда ұстайтынын аңғартады.

Жалпы, қыстық мал азығының жеткілікті қоры – төрт түліктің амандығы мен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының кепілі. Осыны ескерген Әлімбет ауылдық округінің еңбеккерлері күн ашық, ауа райы қолайлы болса, алдағы күндері науқанды сапалы әрі уақтылы аяқтап, келесі егін жинау науқанына кірісуді жоспарлап отыр.

Бақыт ИМАШЕВ

Тегтернауқан