Шаңғы жорығы өтті

 Ағымдағы  жылдың 20 қаңтар күні ауданымыздағы Туризм және Өлкетану мен Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен шаңғы туризмінен экспедиция өтті.

                Жастар арасында дене мәдениетін, адам денсаулығын нығайту, қозғалыс белсенділігін арттыру, қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылықтарын ояту мақсатында өткен шараға 30-ға жуық белсенді спортшы жастар қатысты.

Айта кететін жайт ауданымызда қысқы спорт түрі, оның ішінде шаңғы туризмін дамытудың маңызы зор. Оның табиғатпен байланысы мен адамға деген пайдалылығы тіпті де. Аязды таза ауада шаңғымен жүру организмді нығайтады, қалыпты, дұрыс дем алуды қалыптастырады, бұлшық еттердің бірдей дамуына көмектеседі.

Нақтырақ айтар болсақ, шаңғымен жүру және жүгіру – күш-жігерді дамытуға, салмақты тең ұстап жүруге дағдыландырады, көзбен мөлшерлей білуге, ептілікке, табандылыққа, батылдыққа жаттықтырады.

Осылайша, ауа-райының суығына қарамастан, жастарымыз шаңғышылар демалысын пайдалы өткізді. Олар жас нұсқаушылар дайындаған эстафеталарға қатысып,  жарыса шаңғы теуіп, ыстық шәйдан дәм татып, уақыттарын тиімді пайдалана білді.

Сондай-ақ,  шара барысында белсенділік танытып, үздік өнер көрсеткен жастарымыз ұйымдастырушы орталықтардың  дайындаған арнайы дипломдарымен марапаттап, естелік сыйлықтар тарту етті.

-Жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған бүгінгі шараның маңызы зор. Шаңғы жорығы қызықты да тартысты өтті. Оған қоса қатысушылардың көңілінен шыққанына өте қуаныштымыз. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Болашақта одан да алыс маршруттар ұйымдастырылатынын сөзге тиек етті,- Туризм және Өлкетану орталығының басшысы Айгүл Қазбекова.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА

ТегтерТуризм