АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҰСЫНЫСТАРЫ НАЗАРДА

Ауыл кәсіпкерлігі – ел экономикасының ғана емес, ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсартудың да басты тетіктерінің бірі. Сондықтан кәсіпкерлердің талап-тілегін тыңдап, мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін бағалау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің қатарында.

Осы мақсатта өткен аптаның жұмасында ауданымызға Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық мәслихаттың бірлескен жұмыс тобы іссапармен келді.

Делегация құрамында Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұрлан Махамбетов, аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Жолдас Қарағұлов пен бірқатар мекеме басшылары болды. Жұмыс сапары барысында олар аудан кәсіпкерлерімен кездесіп, өндіріс орындарын аралап, өзекті мәселелерге назар аударды.

       

Алғашқы аялдама «Медовик» шаруа қожалығы болды. Мұнда облысқа танымал омарташы Александр Сенацкий қонақтарды қарсы алып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бүгінде 77 ара ұясын күтіп отырған кәсіпкер омарта шаруашылығын жүргізудің оңай еместігін айтып өтті. Әсіресе қыс мезгілінде араларды азықтандыру көп шығынды қажет ететінін жеткізіп, осы бағытта субсидиялау тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар егістіктерді тозаңдандыру қызметіне де қолдау көрсетілсе, шағын шаруашылықтардың дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.

Одан кейін жұмыс тобы Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған Елеусізовтар отбасының жылыжай кешенінде болды. Кәсіпкерлер қызанақ өсіріп, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отырғандарын айтты. Алдағы жоспарларымен бөліскен олар өнімді өңдеу, кептіру және мұздатып сақтау ісін қолға алуды көздейтіндерін жеткізді. Сондай-ақ өндірісті кеңейту үшін қосымша жер теліміне мұқтаж екендіктерін де жасырмады.

Осы ауылдағы қуаттылығы бес мың тоннаға дейін көкөніс сақтайтын «Ақ Теп» қоймасы да жұмыс тобының назарынан тыс қалмады. Делегация қойманың жұмысымен танысып, қызметкерлермен пікір алмасты.

Іссапар Қосестек ауылында жалғасты. Мұнда жұмыс тобы «Моя семья» наубайханасының иесі Наталья Родемен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін электр энергиясының тарифін төмендету мәселесін көтерді.

Сондай-ақ Ақтөбе – Орск халықаралық автожолы бойында орналасқан «Ақ жол» жол бойы қызмет көрсету кешенінің басшысы Алёна Быковамен кездесу өтті. Кәсіпкер жолаушыларға сапалы қызмет көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, кемпинг қызметін дамытуға кадр тапшылығы кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.

Бір күн ішінде аудан кәсіпкерлерімен кездескен жұмыс тобы айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелерді хаттамаға енгізіп, оларды аудан әкімдігі мен облыстық мәслихаттың тиісті комиссияларының қарауына жолдау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, делегация аудан кәсіпкерлерінің еңбегіне ризашылығын білдіріп, айтылған ұсыныстар алдағы уақытта назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерІссапар