Бүгінгі түлек-болашақ маман
Өткен аптаның сәрсенбісінде №2 Бадамша орта мектебінің білім ордасында «Кәсіби бағдар беру» атты жобаның жетекшілері, яғни мектептің тәрбие ісінің меңгерушілері Бану Мұхтар мен Рахима Мусабекова және педагог-ұйымдастырушы Венера Утеуованың ұйымдастыруымен «Бүгінгі түлек-болашақ маман» атты мектеп түлектерімен кездесу кеш өтті.
ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан келешек ұрпағымызды білімді, білікті, бәсекеге қабілетті етіп тәрбелеу – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті. Осы орайда бұл кездесу аталмыш білім ошағында жылдық дәстүрге айналған.
Кездесудің басты мақсаты — болашақ бітіруші түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беру. Шараға мектептің жоғары сынып оқушылары мен ардагер ұстаз Клара Сатаева және де Жастар ресурстық орталығының басшысы Мейржан Жұбан қатысты. Сондай-ақ, алтын ұя мектебінен сан тарапқа қанат қаққан шәкірттер де осы білім шаңырағында бас қосты.
Кездесу барысында жастар мен қазіргі білім алу барысындағы тартысты әңгімелер өрбіді. 2023 жылғы түлектер қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ге дайындалудың қыр-сырымен таныстырды. Сонымен қатар, әр салада білім алып жатырған студенттер өздерінің мамандық таңдаудағы қыр-сырларымен бөлісіп, мектеп бітіруші түлектерге шынайы тілектері мен бағыт-бағдарын бере білді. Оқушылар да өздерін толғандыратын сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын ала алды.
Ұзақ жылдар бойы осы білім шаңырағында ұстаздық қызмет етіп, бүгінде сол еңбегінің жемісін көріп, зейнетке шыққан ардагер ұстаз да өзінің лебізін білдірді.
-Бүгінгі шараның ұйымдастырылуының маңызы зор. Себебі, балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да, тәрбиелі де білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздарға артылар жүк те аз емес. Өйткені, қазіргі ұстаздар қауымының алдындағы үлкен мақсат – өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетіне қабілетті, еркін және жан-жақты жетілген, білімді, дағдыларды меңгеретін, шығapмaшылық бaғыттa жұмыс iстeйтiн, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеу міндеті тұр. Ал жастарға келетін болсақ, қазіргі оқушыларымыз өте бақытты. Олардың білім алып, мамандық таңдауда мүмкіндіктері зор. Біздің кезімізде мұндай мол мүмкіншіліктер болған жоқ. Сол себепті де қазіргі дамыған заманда ізденіп, оқимын деген жанға еш нәрсе кедергі емес,-деген пікірін білдірді Клара Сатаева.
Осылайша, шара соңында №2 Бадамша орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахима Мусабекова өзінің ризашылығын айтып, кездесуге белсене қатысқан барша қонақтарға алғысын білдірді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА