ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН ҚЫЗМЕТКЕР

Қай кезеңде болмасын мемлекеттік қызмет қоғам мен мемлекеттің дамуына негіз болатын маңызды салалардың бірі болып келеді. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуы осы сала мамандарының қажырлы еңбегімен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та жоғары. Ол кәсіби біліктілігімен қатар адалдықты, жауапкершілікті, әділдікті және халыққа деген жанашырлықты бойына сіңіре білуі тиіс.
Осындай қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырып, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Жайнагүл Мұханбетжанова.
Ол 1974 жылдың 13 қарашасында Ақтөбе облысы Ленин (қазіргі Қарғалы) ауданында дүниеге келген. Білім алып, мамандық иесі атанғаннан кейін еңбек жолын №2 Бадамша орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Ұстаздық қызмет оның бойындағы жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына үлкен ықпал етті.
2005 жылы мемлекеттік қызмет қатарына қабылданып, Бадамша ауылдық округі әкімінің аппаратында маман қызметін атқарды. Ал 2006 жылдың шілде айынан бастап аудан әкімінің аппаратында еңбек етіп келеді.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің бас маманы ретінде аудан тұрғындарына сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бағытында табысты еңбек етуде.
Жалпы еңбек өтілі – 33 жыл болса, оның 21 жылы мемлекеттік қызмет саласына арналған. Оның ішінде жиырма жылға жуық уақыт бойы бір лауазымда тұрақты еңбек етіп, кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында әріптестері арасында зор беделге ие болды.
Мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі елеусіз қалған жоқ. Ол Ақтөбе облысы әкімінің, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар облыстық Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының Алғыс хаттарына ие болған.
Ол мемлекеттік қызмет саласында жинақтаған мол тәжірибесін аудан тұрғындарының игілігіне бағыттап келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі қолжетімді көрсетілуіне үлес қосып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қызмет етуде.
Отбасында да ол аяулы ана, ардақты әже. Екі бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде үш немеренің сүйікті әжесі атанып отыр. Қызы отбасын құрып, ұлы еліміздегі Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Хериот-Уатт университетінің филиалында білім алуда.
Кейіпкеріміз мемлекеттік қызметші ең алдымен адал, әділ, жауапты, кәсіби әрі әдепті болуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа қалтқысыз қызмет ету. Сондықтан ол өз жұмысына әрдайым жоғары жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың сенімін ақтауға күш салып келеді.
Бүгінде мемлекеттік қызмет саласына жастарды тарту – маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Жайнагүл Мұратбайқызы жас буынның жаңашыл идеялары мен тың көзқарастары ел дамуына жаңа серпін беретініне сенеді.
Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген ерекше сала. Халыққа қалтқысыз қызмет етуді басты ұстанымына айналдырған маманның еңбегі қашанда лайықты бағасын таба бермек.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА




