САЛАУАТТЫ ӨМІР – САНАЛЫ ҰРПАҚ ТАҢДАУЫ

Салауатты өмір салтын насихаттау және жасөспірімдерді зиянды әдеттерден сақтандыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жазғы лагерьге қатысушы оқушыларға арналған «Салауатты өмір – жарқын болашақ!» атты танымдық-профилактикалық тренинг өтті.
Іс-шара барысында оқушыларға нашақорлықтың адам денсаулығына ғана емес, оның болашақ жоспарына, өмірлік мақсатына және қоғамдағы орнына тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Мамандар әрбір таңдау адамның тағдырына ықпал ететінін айтып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Тренингке Бадамша агротехникалық колледжінің «Skills Camp» лагерінің оқушылары қатысып, түрлі психологиялық жаттығулар мен тәжірибелік тапсырмалар орындады. Сондай-ақ өмірлік құндылықтар, жауапкершілік және дұрыс шешім қабылдау тақырыптарында ашық пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Мұндай жұмыстар оқушылардың белсенділігін арттырып, өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
– Жастардың бойында салауатты өмір салтын ұстану мәдениетін қалыптастыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Сондықтан мұндай танымдық-профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Тренинг барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Осындай кездесулер жасөспірімдердің саналы таңдау жасап, өз болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді деп сенеміз, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ақтолқын Елемесқызы.
Жұлдыз КЕНЖЕ






