ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

«Дәрігер болу – мамандық емес, ол – адам тағдырына жауап беру». Бұл сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – аудандық аурухананың жоғары санатты дәрігері, дерматовенеролог және эпидемиолог маманы – Гүлнар Мұхтасарова.

Ол 1966 жылдың 11 шілдесінде Байғанин ауданының Кемерши ауылында дүниеге келген. Көпбалалы шаңырақта өсіп, он төрт бауырымен бірге еңбек пен тәртіптің, сыйластық пен жауапкершіліктің қадірін бала күнінен бойына сіңіріп өсті. Алғашқы білімді Жем-Сағыз орта мектебінен алып, кейін әкесінің қызметіне байланысты Қопа орта мектебін тәмамдайды.

Бүгінгі таңда ақ халатты абзал жан атанған дәрігердің өмір жолы бірден медицинамен басталған жоқ. Мектеп бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, ауылда бір жыл шопан болып мал бағады. Қазір өзі сол жылдарды ерекше сағынышпен еске алады.

Арманынан бас тартпаған қайсар қыз 1985 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Ұзақ жылғы ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесінде 1992 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.

Интернатурадан өткен соң дәрігерлік жолдағы алғашқы қызметі 1994 жылы Ақтөбе медициналық училищесінен басталды. Жас маман қазақ топтарындағы студенттерге дәріс беріп, болашақ медицина қызметкерлерін тәрбиелеуге үлес қосты. Ұстаздық қызмет оның бала күнгі арманы болатын. Сол себепті дәрігерлік пен ұстаздықты қатар ұштастырған бұл кезең Гүлнар Қартабайқызының өміріндегі ерекше жылдардың бірі болып қалды.

Кейін ол өмірлік серігі Самат Мұхтасаровпен шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасының негізін қалады. Екеуін тек тағдыр ғана емес, мамандық та табыстырған. Жолдасы да медицина саласының маманы. Бүгінде аудандық ауруханада «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» бөлімінің дәрігері қызметін атқарады. Қос дәрігер үш қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде он екі немеренің қызығына бөленіп отырған ардақты ата мен әже.

Отбасы 2004 жылы қызметтік жағдайға  байланысты Бадамша ауылына қоныс аударып, олар аудан өмірімен етене араласып, өңірдің денсаулық сақтау саласына қызмет етуге кірісті.

2005-2012 жылдары аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде бас маман болып еңбек етті. Бұл қызмет жоғары жауапкершілікті талап ететін сала.

Ал 2013 жылдан бастап аудандық ауруханада дерматовенеролог және эпидемиолог дәрігері болып қызмет жасап келеді. Бүгінде оның медицина саласындағы еңбек өтілі отыз үш жылдан асты. Осы уақыт ішінде мыңдаған адамның дертіне дауа тауып, талай науқастың алғысына бөленді.

Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2018 жылы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы аудан әкімінің Алғыс хатын және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Құрмет грамотасын иеленді. Ал 2022 жылы «Асыл дәрігер» төсбелгісімен марапатталуы оның кәсіби еңбегіне берілген жоғары баға болды.

Ол дәрігерлік жолды таңдауының өзін тағдырдың жазуы әрі әке аманаты деп біледі.

– Бала кезімде ұстаз болуды армандадым. Бірақ әкем Қартабай ауыра қалса: «Менің осы қызым дәрігер болады, бізді емдейді…» деп жиі айтатын. Медицина туралы газет-журналдарды алдыма қойып, бірге оқитынбыз. Әкемнің сол сөздері менің санама берік орнықты. Кейін дәрігер боламын деп нақты шешім қабылдадым, – дейді ол.

Бүгінде кейіпкеріміз дәрігерлік жолды таңдағанына еш өкінбейтінін айтады. Керісінше, бұл мамандық оның өмірлік мұратына айналған. Оның сөзінше, дәрігер болу – тек ауруды емдеу емес, адам тағдырына жауап беру. Өйткені ақ халат иесі ең алдымен адам жанының арашасы болуы тиіс. Сондықтан науқастың сырқатына ғана емес, оның жан дүниесіне де үңіліп, түсіне білу әр дәрігердің басты міндеті деп есептейді. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен құрметі жылдар өткен сайын арта түскен тәжірибелі маман бүгінде медицина саласындағы еңбегін үлкен мақтанышпен жалғастырып келеді.

Дәрігерлік қызметінде есте қалған кезеңдердің бірі – пандемия жылдары. Әлемді алаңдатқан індет кезінде медицина қызметкерлері күн-түн демей еңбек етті. Сол ауыр кезеңде халық денсаулығын қорғау жолында дәрігерлердің  жанкешті еңбектері  ерекше көрінді.

– Пандемия кезінде әр күн сынақ болды. Адамдардың өмірі үшін күрескен сәттер әлі күнге дейін жадымызда. Сол кезде медицина қызметкерлерінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік, – дейді дәрігер.

Қазіргі таңда Гүлнар Қартабайқызы жастардың медицина саласына көптеп келіп жатқанын қуанышпен қабылдайды.

– Бізді қуантатыны – жастардың осы мамандықты таңдауы. Олардың білімге құштарлығы мен жауапкершілігі жоғары. Ауруханамызға да жас мамандар көптеп келуде. Тәжірибелі дәрігер ретінде олардың жұмысына көңілім толады. Болашақта ауылдық жерлердегі дәрігерлерге шетелдік тәжірибе алмасу мүмкіндігі көбірек жасалса деген тілегім бар, – дейді ол.

Адам жанының арашасы болуды өмірлік мұрат еткен дәрігеріміздің  еңбек жолы кейінгі буынға үлгі. Кәсіби мереке қарсаңында ол барша әріптестеріне мықты денсаулық, толағай табыс пен халықтың ыстық ықыласын тілеп, ақ халат абыройының әрдайым биік болуына тілектестік білдірді.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА