АДАМ ӨМІРІНЕН ҚЫМБАТ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ

Маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі – Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – адам жанына араша түсіп, тұрғындардың саулығы үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медицина мамандарына көрсетілетін құрметтің айрықша белгісі.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, заманауи технологиялармен толықтырылып келеді. Осы бағытта аудандық аурухана да халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, материалдық-техникалық базасын нығайтып, кадрлық әлеуетін арттыруда. Кәсіби мереке қарсаңында аудандық аурухананың басшысы Еркебұлан Әбдіғалиевпен сұхбаттасып, мекеменің бүгінгі тынысы мен алдағы жоспарлары туралы әңгімелескен едік.

Еркебұлан Еркінұлы, алдымен кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Жалпы аудандық аурухананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып өтсеңіз.

– Рақмет! Медицина қызметкерлері күні – адам өмірі мен денсаулығын сақтауды басты мұрат еткен ақ халатты абзал жандардың еңбегі еленетін ерекше мереке. Бұл күн – сала мамандарының қажырлы қызметіне көрсетілген құрметтің белгісі. Бүгінде аудандық аурухана өңір тұрғындарына амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмек көрсетумен қатар, жедел медициналық жәрдем қызметін үздіксіз ұйымдастырып келеді. Денсаулық сақтау мекемесінде жалпы саны 155 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 42-сі – дәрігер, ал 113-і – орта буын медицина мамандары. Ауруханадағы дәрігерлердің кәсіби әлеуеті де жоғары. Мамандардың 65 пайызы біліктілік санатына ие. Оның ішінде жоғары санатты дәрігерлер – 30 пайызды (12 дәрігер), бірінші санатты дәрігерлер – 25 пайызды (10 дәрігер), ал екінші санатты мамандар 10 пайызды (4 дәрігер) құрайды. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету, заманауи талаптарға сай ем-дом ұйымдастыру және халық денсаулығын нығайту. Өйткені адам өмірі мен денсаулығынан қымбат құндылық жоқ.

– Соңғы жылдары аурухананың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарға пікіріңіз?

– Иә, денсаулық сақтау сапасы ең алдымен заманауи құрал-жабдықтарға байланысты. Соңғы жылдары ауруханаға жаңа медициналық техникалар сатып алынды. Олардың қатарында ЛОР-комбайн, портативті рентген аппараты, бейнеэндоскопиялық жүйе, офтальмологтың жұмыс орны, эндоскоптарды өңдеуге арналған құрылғылар, дефибрилляторлар және басқа да қажетті жабдықтар бар. Сонымен қатар ауылдық амбулаториялар зертханалық анализаторлармен қамтамасыз етілді. Мұның бәрі ауруларды ерте анықтап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді.

– Кадр мәселесі еліміздің көптеген өңірлерінде өзекті. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– 2025 жылы ауруханамызға жеті жас дәрігер келіп, еңбек жолын бастады. Олардың қатарында жалпы тәжірибелік дәрігерлер, хирург, акушер-гинеколог, офтальмолог, невропатолог және нарколог-психиатр мамандары бар. Барлық жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, көтерме жәрдемақы алды. Бұл – ауылдық жерге келген дәрігерлерді қолдаудың нақты көрінісі. Кадрлық әлеуетті нығайту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі.

– Аудан тұрғындарына көрсетілетін стационарлық көмектің мүмкіндіктері қандай?

– Қазіргі таңда аурухананың 54 орындық стационары жұмыс істейді. Мұнда терапия, хирургия, балалар, жұқпалы аурулар бөлімдері және перзентхана қызмет көрсетеді. Хирургиялық бөлімде лапароскопиялық күрделі операциялар жасалады. Заманауи емдеу әдістерін енгізу арқылы көптеген науқастар ауданнан шықпай-ақ қажетті медициналық көмекті ала алады.

– Перзентхана бөлімінің жұмысы жөнінде не айтасыз?

– Ана мен бала денсаулығы – біздің ерекше назардағы бағыттардың бірі. Перзентхана бөлімінде тәжірибелі акушер-гинекологтар қызмет көрсетеді. Серіктестік босану тәжірибесі енгізілген. Босану палаталары үй жағдайына барынша жақындатылып жабдықталған. Ана қауіпсіздігі қағидалары толық сақталады. Бұл өз кезегінде ана мен нәрестенің денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

  – Жедел медициналық жәрдем қызметі мен шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету жұмысы қалай ұйымдастырылған?

              – Аудан тұрғындарына төрт бригададан тұратын жедел медициналық жәрдем қызмет көрсетеді. Барлық санитарлық автокөліктер қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жылжымалы медициналық кешен мен жаңа жедел жәрдем көліктері шалғай елді мекендерге уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік беруде. 2025 жылы халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы ұйымдастырылды. Жоспарға сәйкес кешен ауданға қарасты  Петропавл, Шәмші Қалдаяқов, Қосестек, Ащылысай, Әлімбет және Степной ауылдық округтерінде, сондай-ақ Хромтау ауданының Никельтау, Дөң, Сарысай, Тассай, Бөгетсай, Көктау және Қызылсу ауылдарында тұрғындарға консультациялық-диагностикалық және профилактикалық қызметтер көрсетті. Нәтижесінде 4500 тұрғын, оның ішінде 225 бала медициналық тексеруден өтті. Кешен құрамындағы бейінді мамандар тұрғындарды қабылдап, зертханалық және диагностикалық тексерулер жүргізді. Бұл бірқатар ауруларды ерте анықтап, науқастарды диспансерлік бақылауға алып, уақтылы емдеу-профилактикалық шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, білікті мамандардың кеңесін алуына және қажетті тексерулерден аудан орталығына бармай-ақ өтуіне жағдай жасады. Алдағы уақытта да халық денсаулығын сақтау және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

                                                                             

– Скринингтік тексерулер мен профилактикалық жұмыстардың маңызы қандай?

– Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан аудан тұрғындарын скринингтік тексерулерден өткізу тұрақты жүргізіледі. Қан айналымы жүйесі аурулары, қант диабеті, қатерлі ісік түрлері және басқа да әлеуметтік маңызы бар дерттерді ерте анықтауға басымдық беріліп отыр. Балалар арасында да профилактикалық тексерулер жүйелі ұйымдастырылуда.

– Цифрландыру бағытында қандай жетістіктер бар?

– Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде барлық медициналық құжаттар электронды форматқа көшірілді. «ДамуМед» қосымшасы арқылы тұрғындар дәрігер қабылдауына онлайн жазыла алады. Бұл уақытты үнемдеп, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етуде.

– Алдағы кезеңге қандай жоспарлар белгіленген?

– 2026 жылға ауданның денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында бірқатар маңызды міндеттер жоспарланып отыр. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен аудандық емхана жанынан 4 қабатты жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Жоба тұрғындарға көрсетілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттырып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Степной дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Бұл ауыл тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде медициналық қызмет сапасын жетілдіру, скринингтік тексерулердің тиімділігін арттыру, тұрғындардың МӘМС жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету, оңалту қызметін дамыту, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.

– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге және аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз?

– Барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін. Ал аудан тұрғындарына ең бастысы – зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және береке-бірлік тілеймін. Денсаулық – әр адамның ең қымбат байлығы екенін ешқашан ұмытпайық.

Ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Аудандық аурухана ұж ымы бүгінде халық саулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп, медициналық қызмет сапасын арттыруға күш салып келеді. Заманауи технологиялар мен білікті мамандардың үйлесімі аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтуға бағытталған игі бастамалардың жалғаса беретінін көрсетеді. Кәсіби мереке қарсаңында барлық медицина қызметкерлеріне толағай табыс, мықты денсаулық және ел алғысына бөлене берулерін тілейміз.

 Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА