ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ ШАҢЫРАҚ ШУАҒЫ

Интернационалды отбасы – түрлі ұлт пен мәдениеттің бір шаңырақ астында тоғысуының айқын көрінісі. Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекетте мұндай отбасылар татулық пен бірліктің символы десек, артық емес. Көп ұлтты біздің аудан тұрғындары үшін де ежелден 1 мамыр – халықтар арасындағы достық пен өзара сыйластықты дәріптейтін ерекше күн болып келеді.
Осы орайда бірлік пен ынтымақ мерекесі қарсаңында татулығы жарасқан сондай отбасылардың бірі – Сергей мен Мәншүк Нечаевтар шаңырағы жайында сыр шертпекпіз.
Қазіргі Бозтөбе ауылы бұрын Анастасьевка деп аталып, Украинадан қоныс аударған ағайындардың құтты мекеніне айналған іргелі елді мекендердің бірі болатын. Бүгін де мұнда өзге ұлт өкілдері қазақтармен етене араласып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл ауылда екі ұлт арасындағы құдандалық бұрыннан қалыптасып, келешек ұрпақ сабақтастығымен жалғасуда. Біз сөз еткелі отырған кейіпкерлеріміз де – осы өңірге еңбегі сіңген, ауыл-аймаққа сыйлы ата-аналардың ұрпақтары.
Сергей мен Мәншүк Красный поле орта мектебінде 11 жыл бойы бір сыныпта оқып, жастайынан бірге өскен. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң екеуі екі салада еңбек жолын бастайды. Мәншүк ұстаздықты таңдаса, Сергей Бозтөбе ауылында ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан еңбек адамы ретінде танылды. Кейін қызмет бабымен Бадамша ауылына қоныс аударып, 1997 жылы балалық шақтан таныс ауылдастар шаңырақ көтеріп, ортақ өмір жолын бастайды.
Сергейдің ата-анасы Ресейдің Ульяновск қаласынан Бозтөбе ауылына қоныс аударған. Әкесі Иван Павлович 1968 жылдан бастап Красный поле мектебінде еңбек және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, ұсталық өнерімен де танылған жоғары разрядты шебер болған. Анасы Александра Федоровна да осы мектепте ұзақ жылдар орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шығар алдында мектеп директоры қызметін атқарған.
Мәншүк Қайырлықызы 1978 жылы Бозтөбе ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайырлы мен анасы Гүлжаһанның төрт перзентінің кенжесі. Әкесі ұзақ жылдар Красный поле орта мектебінің директоры болып еңбек еткен, ауылға сыйлы азамат еді. Анасы да ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.
Қазіргі таңда Мәншүк пен Сергей Бадамша ауылында тұрады. Мәншүк Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов университетінің түлегі, ол орыс тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Ол осы салада 30 жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келеді. Ал Сергей еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастап, бүгінде аудандық қазынашылық бөлімінде шаруашылық жөніндегі орынбасар қызметін атқарады.
Жарасымды отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Қыздары Рита қазіргі таңда шетелде IT саласының маманы ретінде еңбек етуде. Ұлдары Артур Бадамша мектеп-бөбекжай-бақша мектебінің 8 сыныбында оқиды. Ол – республикалық деңгейдегі жобалардың жеңімпазы атанып, аудан мақтанышына айналған жас дарын иесі.
Айта кетейік, осындай жарасымды жанұялар – ел ішіндегі ынтымақ пен татулықтың алтын арқауы. Бір шаңырақ астында түрлі ұлттың дәстүрі мен мәдениетін үйлестіріп отырған Нечаевтар отбасы – бірлік пен өзара құрметтің жарқын үлгісі. Мұндай отбасылар қоғамдағы келісім мен достықтың нығая түсуіне өз үлесін қосып келеді.
Бақыт ИМАШЕВ








