«ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – БОЛАШАҚҚА АМАНАТ» АТТЫ ИГІ ШАРА

Ағымдағы жылдың 28 сәуір күні Әлімбет орта мектеп-балабақшасында жүректерге жылулық ұялатқан «Жасыл желек – болашаққа аманат» атты тағылымды шара өтті.
Бұл – жай ғана тал егу емес, білім ордасының киелі табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқалы тұрған жас түлектердің туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігінің айқын көрінісі болды.
Осы орайда «Түлектердің тал егуі» атты эко-челлендж аясында алтын ұя мектебінен түлеп ұшқалы отырған 10 жас өрен өздерінің балғын балалық шағы өткен қасиетті мекен ауласына 20 түп шаған ағашының көшетін отырғызды. Олардың аялы алақанымен егілген әрбір тал – келешекке қалдырылған ізгіліктің дәні, кейінгі толқын іні-қарындастарына арналған өнегелі аманат. Бұл жас шыбықтар түлектермен бірге бой түзеп, білім ордасының жасыл желекке бөленуіне, көркейе түсуіне өз үлесін қоспақ.
Айта кету керек, осы 10 түлектің ішінде мектеп мақтанышы саналатын бір оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер атанып отыр. Бұл – шағын ғана ұжымның үлкен еңбегі мен шәкірттердің білімге деген құштарлығының айқын дәлелі.
Әлімбет орта мектеп-балабақшасы – үлкен армандар мекені. Қазіргі таңда бұл қара шаңырақта 119 оқушы білім алып келеді. Биылғы 10 түлектің арасынан дараланып шығып, білім биігін бағындырған бір оқушының «Алтын белгіге» үміткер атануы – бүкіл мектеп ұжымы мен ұстаздар қауымы үшін зор мақтаныш. Бұл – аз ғана ұжымның ауқымды жетістігі, сапалы білімнің нақты көрсеткіші.
Қолдарына күрек ұстап, жерге өмір сыйлаған жас түлектердің жүздерінен ертеңгі күнге деген сенім мен қимастық сезімі қатар аңғарылады. Егілген жас талдардың тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалғандай, жас түлектердің де өмір жолдары сәтті болып, болашақтары жарқын болғай!
Перизат ҚАЛДЫБАЕВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары







