КІТАПХАНА – МӘДЕНИЕТТІҢ ЗАМАНАУИ ОРТАЛЫҒЫ

Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, көпсалалы мәдени-ағарту орталығына айналып келеді. Заманауи технологиялар енгізіліп, оқырмандарға электрондық қызмет түрлері ұсынылуда. Бұл – уақыт талабынан туындаған қажеттілік.

Кітапханашылар мерекесі қарсаңында аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Нұргүл Мысаевамен тілдесіп, кітапхананың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

 Нұргүл Шоқанқызы, кітапханашылар күні қарсаңында аудан кітапханаларының атқарған жұмыстары туралы оқырмандарға кеңірек айтып өтсеңіз?

– Бүгінде ауданда заман талабына сай 12 модельді кітапхана жұмыс істейді. Онда техникалық қызметкерлерді қосқанда 34 маман еңбек етеді. 2025 жылы 501 әдеби-мәдени іс-шара өткізілсе, оның 15-і онлайн форматта ұйымдастырылды. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында 121 іс-шара өткізіліп, 1951 адам қамтылды. Бұл – оқырман белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.

– Кітап қорын толықтыру және цифрландыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Аудан кітапханаларының жалпы қорында 180 818 дана кітап бар. Өткен жылы оқырмандар сұранысына сәйкес жергілікті бюджеттен 1 386 100 теңге бөлініп, жаңа әдебиеттермен толықтырылды. Сонымен қатар биыл кітап қорын цифрлық форматқа көшіру мақсатында арнайы сканерлер сатып алуға 1 761 500 теңге қарастырылды. Бұл – қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

–Кәсіби мереке мен Ұлттық кітап күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан шараларға тоқталсаңыз?

– Дәстүрге сай жыл сайын 16–23 сәуір аралығында әдеби-танымдық апталық өткізіледі. Бұл шаралар кітап оқуға қызығушылықты арттырып, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Биыл да осыған орай «Артық білім-кітапта» атты әдеби-танымдық апталық ұйымдастырылып, түрлі ауқымды іс-шаралар өткізілді.

– Өткен жыл кітапханашылар үшін табысты болды деп атап өттіңіз. Қандай жетістіктерді ерекше айтар едіңіз?

– 2025 жыл ұжым үшін нәтижелі жыл болды. Ақтөбедегі Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Үздік кітап көрмесі» байқауында әріптестеріміз Жанат Түлкібаева мен Меруерт Бисенбаева «Үздік тұсаукесер» номинациясын иеленді. Ал Степной ауылдық кітапханасының меңгерушісі Мөлдір Жанахмет «Мен әлемнің жеңімпазымын» байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар бірнеше қызметкеріміз республикалық деңгейдегі марапаттарға қол жеткізді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталған Жосалы ауылдық кітапханасының меңгерушісі Татьяна Гайдай және ҚР Ұлттық кітапханашылар одағының «Құрметті кітапханашы» төсбелгісіне ие болған кітапхана библиографы Гүлмира Бисенбаева бар.

– Алдағы жоспарлар мен кітапхана қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстарыңыз қандай?

–Жалпы жұмыс жүргізуге мүмкіндік жеткілікті. Дегенмен кітапханалар арасында әдебиеттерді тасымалдауға арналған арнайы жеңіл автокөлік болса деген тілегіміз бар. Бұл кітап қорының сақталуына да оң әсерін тигізер еді. Алдағы уақытта да оқырман сұранысын ескере отырып, қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыс жалғасады.

Айта кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде атап өтуді ұсынған еді. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес: дәл осы дата ЮНЕСКО бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен тұспа-тұс келеді. Ұлттық күн ретінде ұлықтау қазақ қоғамында кітапқа деген қызығушылықты арттырып, жастардың оқуға деген ынтасын жандандырудың маңызды қадамы болып саналады.

Олай болса, кітапханашылар – рухани құндылықтарды дәріптеп, оқырман мен кітап арасын жалғап жүрген жанашыр мамандар. Ендеше,  кәсіби мерекеге орай сала қызметкерлеріне шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тілейміз.

 Бақыт ИМАШЕВ